Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ғылыми сүйемелдеуге ерекше назар аудара отырып, жоғары жетістіктер спортын дамытудың жүйелі тәсілін іске асырып келеді. Министрлік бастамасымен Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығымен бірлесіп, елімізде алғаш рет «спорттық медицина» және «нутрициология» мамандықтарына арналған кәсіби стандарттар әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Басқару жүйесін реформалау аясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларын тағайындау тәртібі өзгерді. Енді үміткерлерді бекіту министрлік жанынына арнайы құрылған комиссияның келісімімен жүзеге асады. Кандидаттардың стратегиялық ойлау қабілеті, кәсіби тәжірибесі, басқарушылық әлеуеті және өңірлік спортты дамытуға қатысты көзқарасы жан-жақты сараланып, шешім қабылданады. Қазіргі таңда 12 өңірде басқарма басшылары тағайындалды.
Министрлік заманауи білім мен технологияларды спорт саласына енгізуге де басымдық беруде. Мәселен, Performance Hub ғылыми-зерттеу тобының базасында бокс, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, биатлон, семсерлесу, еркін күрес, таэквондо және басқа да спорт түрлері бойынша кешенді ғылыми тестілеу жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 16 спорт түрінен (оның ішінде 10 жазғы және 6 қысқы) 150-ден астам спортшы сынақтан өтті. Сонымен қатар ұлттық құрамалар мен бапкерлерге арналған арнайы семинарлар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, велоспорт бапкерлеріне арналған семинар, биатлоннан ұлттық және жастар құрамаларына арналған дәрістер өткізілді. Бұл іс-шараларға спорттық медицина мамандары мен Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ғалымдары да тартылды.
Толығырақ https://ortcom.kz/kk/novosti/1751289879 сайтында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1027837?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау