Макинскте мектеп күрделі жөндеуден өтуде және халықты толық ауыз сумен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» ауқымды бағдарламасы жалғасуда. Қазіргі таңда тоғыз мектеп күрделі жөндеуден өтіп, есігін қайта ашты. Келесі кезекте Бұланды ауданы Макинск қаласындағы Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицей жаңартылып жатыр.

1955 жылы салынған оқу орны ұзақ жылдар бойы жаңғыртуды қажет етіп келген еді. Қазір білім ұясы іргетасынан бастап оқу кабинеттеріне дейін толық жаңғыртылып жатыр. 360 оқушыға арналған мектеп екі ауысымда оқытады, онда 78 қызметкер жұмыс істейді. Алайда ғимараттың тозығы жетіп, ескі инженерлік желілер қазіргі білім беру талаптарына сай келмейтін.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

«Бұрын мектептерді күрделі жөндеу екі жылға созылып кететін: алдымен ішкі әрлеу, кейін фасад пен аумақты абаттандыру. Мұның соңы шатасуға, жобаларды түзетуге, кейде оқу процесіне кедергі келтіруге алып келетін. Сондықтан біз енді екі жылға созылған жөндеуге жол бермейміз. Бәрін бір жылда аяқтау қажет – бұл тез, арзан әрі халыққа тиімді», – деді өңір басшысы.

Макинсктегі жөндеу жұмыстарын «Абсолют Строй Инвест» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігерге жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуді аяқтау тапсырылған. Дегенмен, әкімнің айтуынша, жылдамдық сапаға кері әсер етпеуі тиіс – бақылау қатаң болмақ.

Құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда мектеп халықаралық бастаманың пилоттық алаңына айналды. Балуан Шолақ атындағы мектеп Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сау тамақтануды енгізу жөніндегі пилоттық жобасына енді.

ФАО ұлттық тамақтану сарапшысы Ақкүміс Салманова алғашқы нәтижелермен бөлісті:

«Жоба мектеп асханасында тұз бен трансмайларды азайтып, көкөніс, жеміс-жидек пен дәнді дақылдарды көбейтуді көздейді. Мақсатымыз – балаларға өмір бойына пайдалы тамақтану әдетін қалыптастыру», – деді ол.

ФАО TCP/KAZ/3901 жобасы аясында мамандар тобы Макинск мектебінде болып, оны аймақтағы оқушылардың саулығын жүйелі түрде жақсарту үлгісі ретінде атап өтті. Сондай-ақ мектеп асханасын органикалық ауыл шаруашылығымен байланыстыруға да назар аударылып отыр – бұл тұрақты шешімдердің бір бөлігі болмақ.

Сонымен қатар «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» қорының қолдауымен мектепке жаңа заманауи жабдықтар сатып алынатын болды.

«Біз мектептерді есеп үшін емес, балалардың сапалы білім алуы, денсаулығы мен ұстаздардың жайлы жұмысы үшін жаңғыртамыз. Ауылды жерлердегі балалар да елордадағы және ірі қалалардағы оқушылармен бірдей жағдайға ие болуы керек», – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен бірге аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Президент тапсырмасына сәйкес халықты толық ауыз сумен қамту жобасының іске асырылу барысын тексерді. 18 мыңнан астам халқы бар Макинскте жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 70%-ы орындалды. Енді су қоймаларын орнату мен сорғы станцияларын салу аяқталуы тиіс. Қаржы дер кезінде бөлінсе, барлық жұмыстарды осы жылдың 1 желтоқсанына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1040149?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version