Келес ауданы аумағында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер, ауыл округтері, коммуналдық қызмет өкілдері мен белсенді азаматтар тартылып, жалпы саны 1300 адам қатысты.
Сенбілік барысында А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойы мен айналасы тазартылып, елді мекендердің ішкі жолдың екі беті түгелдей қоқыстан арылтылды. Бұл жұмыстарға 8 арнайы техника жұмылдырылып, 450 метр бетон арық жүйесі тазартылды, сондай-ақ 4 500 түп ағаш әктеліп, 5 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес, аталған сенбілік шаралары арнайы бекітілген жоспар негізінде жүзеге асуда. Жалпы, 2025 жылдың басынан бері Келес ауданында экологиялық тазалық бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыл басынан бері 17 500-ге жуық адам және 27 техника қатыстырылып, 265 көше мен 25 шақырым бетон арық жүйелері тазартылып, 140 тонна қоқыс арнайы полигондарға жеткізілді.
Сонымен қатар, көшет отырғызу жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде. 2023 жылдан бері аудан аумағына 101 200 дана ағаш көшеті отырғызылып, олардың 80%-ы өнімділікпен тамыр жайған. Суару жүйелері де тиімді ұйымдастырылған: 60%-ы насоспен тамшылап, 20%-ы тасымалдап және 20%-ы арық жүйесі арқылы суарылады. Оған қоса, көшеттердің 75%-ы қоршалған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1044695?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау