Қоқыс – ортақ мәселе, ортақ жауакершілік!
Қала өзіміздікі – қоқыс та жауапкершілікпен жиналсын!
Қоршаған ортаны таза ұстау – қоғамның өркениеттілігін танытатын басты көрсеткіштердің бірі. Бүгінгі таңда еліміз бойынша елді мекендердің санитарлық жағдайы жиі сынға ұшырауда. Көпшілік тарапынан жергілікті атқарушы органдардың жұмысына наразылықтар айтылып жатады. Алайда осы олқылықтың негізгі себептерінің бірі – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігінің төмендігі.
Ауласына, көшесіне, қаласына, табиғатына жанашырлықпен қарау – әр азаматтың қоғам алдындағы борышы мен міндеті. Десек те, кей тұрғындардың немқұрайлы әрекеттері, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға емес, жол бойына, ауланың артына немесе сай-салаға тастай салуы, көше тазалығына салғырт қарауы – өкінішке қарай, күнделікті кездесетін жағдайға айналып отыр.
Әкімдік жұмыс істеп жатыр, ал тұрғындар ше?
Тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың бірі – «Әкімдік не істеп жатыр?» деген сынға толы сауал. Шын мәнінде, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында жергілікті әкімдіктер тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Атап айтқанда:
- Қоқыс шығару кестесі реттеліп, арнаулы техникалар бөлінуде;
- Қала мен ауыл көшелерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көгалдандыру, қоқыс жинау, жол жиектерін тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде;
- Тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша арнайы мекемелермен келісімшарт жасасып, жекеменшік секторлармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде;
- Заңсыз қоқыс тасталған орындар анықталып, тазарту шаралары қолға алынуда;
- Тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында тұрғындармен түсіндірме жұмыстары, жиналыстар, ақпараттық науқандар өткізіліп келеді.
Басқаша айтқанда, жергілікті атқарушы органдар тазалық мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Керісінше, жыл сайын бұл бағыттағы жұмыстар күшейіп, жаңа технологиялар мен әдістер енгізілуде.
Алайда, мәселенің екінші жағы бар: бұл жұмыс тұрғындардың қолдауынсыз нәтижелі болмайды. Әкімдік тазалықты қамтамасыз ете алады, бірақ әр үйдің ішіне кіріп, әр адамның орнына тәртіп сақтай алмайды. Бұл – ақиқат.
Тұрғындар ше?
Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар өздерінен талап етілетін ең қарапайым міндеттерді елемей жатады. Мысалы:
- Қоқысты арнайы жәшікке емес, жол жиегіне немесе бос аумаққа тастау;
- Қоқыс контейнерін сатып алудан, абоненттік төлем жасаудан бас тарту;
- Қалдықтарды уақытылы шығармай, қоршаған ортаға зиян келтіру;
- Бөтелке, пакет, құрылыс қалдықтарын ағаш арасына, тіпті арықтарға тастау;
- Қоғамдық орындарда – саябақта, жағажайда, аялдамада қалдықтарды бейберекет қалдыру.
Бұл әрекеттер тек ортақ кеңістікті ластап қоймайды, өз отбасына, көршісіне және қала тұрғындарына деген құрметтің жоқтығын көрсетеді.
Тазалық сақтау – тек заң талап ететін тәртіп емес, азаматтық мәдениеттің айқын көрінісі. Әкімдік қаншама жұмыс атқарғанымен, әр тұрғын өзіне тиесілі үлесті қоспаса, ешқандай оң нәтиже болмайды.
Ортақ мүдде – ортақ жауапкершілікпен
Тазалық – әкімдікке қарай салынатын жүк емес, бұл – барша қоғамның бірлескен міндеті.
Бүгінде әр тұрғын өз ауласының тазалығы мен тәртібіне жеке жауапты болуы керек. Әсіресе, жеке тұрғын үйлер секторында әр үйдің жеке қоқыс контейнері болуы – заңмен реттелетін қажеттілік. Қалдықтарды уақытылы шығарып, арнайы мекемелермен келісімшарт жасасу – тұрғынның мәдениеті мен азаматтық ұстанымын білдіреді.
Заң бар, тәртіп керек
ҚР Экологиялық кодексі мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте қоршаған ортаға зиян келтірген жеке және заңды тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қарастырылған. Алайда тек айыппұлмен мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес. Тәртіп – талаптан емес, тәрбиеден басталуы тиіс. Тазалық мәдениетін саналы түрде қалыптастырмай, нәтижеге жету қиын.
Тазалық – сөзбен емес, іспен дәлелденетін құндылық. Ендеше, өзгеден күтпей, өзімізден бастайық!
Сатай Нұрмұқашұлы Бекболатов
Алакөл ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1044652?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау