Алакөлдің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жазғы маусымға демалыс орындарының дайындығына және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысына қатысты берген тапсырмалардың орындалуы, интернетке қолжетімділікті жақсарту мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Алакөл жағалауында атқарылған жұмыстар туралы туризм басқармасының басшысы уақытша міндетін атқарушы Марат Қабақов, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров, Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Мұхаметқалиев баяндады.

Алакөл жағалауының инфрақұрылымын нығайту, санитарлық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Демалыс аймағында 70 қоқыс жәшігі мен 50 контейнер орнатылып, қоқыс жинаушылар саны 35 адамға көбейтілді. Жаңа екі техника сатып алынды. Қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр. Жағалауға қосымша 7 құтқару мұнарасы, 6 пирс, 30 шешінетін кабиналар мен тыйым салатын белгілер қойылды. 8 жаңа дәретхана орнатылып, олардың жалпы саны 16-ға жетті. Жағалауды нығайту жобасының сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Кәсіпкерлердің көлеңкелі табысын азайту және салықтық түсімді арттыру бағытында жұмыс күшейтілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 5 су көлігі мен 3 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, жағалауда 22 қызметкер мен 11 арнайы техника кезекшілік етеді. Көл жағалауында құтқару станциясының құрылысы басталды. Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілген. Бүгінде 57 681 түп ағаш отырғызылып, суарудың үнемді жүйесі енгізілді. Көктемгі екі айлық тазалық шарасы барысында 146,6 мың аула, 2226 саябақ, 947 ескерткіштің аумағы тазартылды. 45,8 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Ғарыштық мониторинг арқылы облыс бойынша 182 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың көбі Семей қаласы, Жаңасемей, Аягөз, Бесқарағай және Бородулиха аудандары аумақтарында орналасқан. Бұл үйінділерді жою жұмыстары жалғасуда.

Жиын соңында аймақ басшысы Алакөлдің инфрақұрылымын жақсартуға, өңірдегі демалыс орындарын абаттандыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Алакөл жағалауындағы ретсіз сауданы жою, заңсыз жағажайларды балансқа алып, инфрақұрылым тарту, санитарлық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су полициясын құру және банкоматтарды орнату бойынша салаға жауапты орынбасарлары мен тиісті басқарма, департамент басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Облыстағы барлық туристік сала субъектілерінің салық төлемдерінің ашықтығы мен толықтығына бақылау жүргізуді, аудан-қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1045195?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version