Ақтөбе облысында нәресте және ана өлімінің төмендеуі байқалуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері қаралды.

     Аталған тақырып бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев баяндама жасады.
 
    Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде 7 983 бала дүниеге келді. Нәресте өлімі 1 000 шақалаққа шаққанда 5,51-ді құрады, бұл республикалық көрсеткіштен (5,94) төмен. Нәресте өлімінің негізгі себептері — перинаталдық кезеңдегі асқынулар, жұқпалы және паразиттік аурулар, туа біткен ақаулар, тыныс алу, жүйке және ас қорыту жүйелерінің патологиялары.
 
     «Аталған көрсеткіштерді төмендету мақсатында 2025 жылы Облыстық перинаталдық орталықтың неонаталдық блогі жаңғыртылып, онда 218 жаңа туған нәрестеге медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологі Бектұрған Кариннің қатысуымен ауыр клиникалық жағдайлар бойынша қашықтан кеңес беру жүйесі енгізілді. Ол 81 онлайн-консилиум өткізді. Маусым айында ресейлік тренер Анатолий Веревкиннің қатысуымен 59 неонатолог пен педиатр оқытылды. Білім беру процесі каскадтық әдіспен жалғасын табады»,
– деді басқарма басшысы.

Ана өлімін төмендету мақсатында ерте диагностикалаудан бастап медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға дейінгі кешенді шаралар іске асырылуда.
 
    Облыстық перинаталдық орталық базасында тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерді бақылауға арналған Ахуалдық орталық жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауыр жағдайлар бойынша 80-нен астам қашықтан консилиум өткізілді. «Біркүндік клиника» жобасы аясында 5,7 мыңнан астам әйел уақытылы тексеруден өтіп, аурулардың ерте кезеңінде анықталуына және қажетті медициналық көмек көрсетуге септігін тигізді. 1,7 мыңнан астам қызмет көрсеткен бактериологиялық зертхана ашылды.
Дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Акушерлік, гинекология және неонатология салалары бойынша 340 маман білім алды, ал 7 ауданнан келген медициналық кадрлар облыстық деңгейдегі бейінді мекемелерде тәжірибеден өтті. Сондай-ақ, алыс аудандардан келген жүкті әйелдерге медициналық көмектің қолжетімділігін және мерзімінде бақылауды қамтамасыз ету мақсатында пансионат салу мүмкіндігі қарастырылуда.

    Баяндамашының сөзін тыңдаған облыс басшысы ана өлімінің алдын алу шараларын күшейтуді, жүкті әйелдерді тіркеуді қатаң бақылауға алуды, әсіресе көші-қон деңгейі жоғары аудандарда, әйелдерді скринингтік бағдарламалармен кеңінен қамтуды және перинаталдық бақылау сапасын арттыруды, жүкті әйелдердің жолын цифрлық форматта толық бақылауды және әрбір клиникалық жағдайға жедел әрекет ету мүмкіндігін енгізуді тапсырды.
 
     Аталған тапсырмалардың орындалуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zher/press/news/details/1045504?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version