Бүгін, 4 тамыз күні Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысумен 8 сайланған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясы өтті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері қатысты, сондай-ақ қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары бейнебайланыс арқылы қосылды.
Сессияда ең алдымен, өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев 2025 жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылау жобасы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетті нақтылау кезінде басты назар әлеуметтік салаға аударылған. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау бағыттары мен өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілген.
-Білім беру саласын қолдау бағытында бірқатар маңызды шаралар жоспарланып отыр. Оның ішінде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мен оларды күтіп-ұстауға қосымша қолдау көрсетіледі. Бұл қаражат 6 балабақша, 6 арнайы білім беру мекемесі және 2 колледждің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Сонымен қатар, сала қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік төлемдерге де қосымша қаражат қарастырылған,- деді Тілеген Едігеев.
Денсаулық сақтау саласына мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржы есебінен қосымша қолдау көрсетіледі. Бұл қаражат дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мен медициналық ақпараттық жүйені енгізуге бағытталады.
Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет пен спорт нысандарын жаңарту, кәсіпкерлік пен балық шаруашылығын дамыту, көлік инфрақұрылымын жақсарту және әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де ескерілген.
Облыстың даму бюджеті аясында Ақтауда магистралды жылу желілерін тарту, су тұщыту қондырғыларын орнату, елді мекендердегі таза ауыз су және кәріз жүйелерін жаңарту, сондай-ақ жол құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Жиын соңында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай депутаттардың бірлесіп жасаған нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен тапсырмалары негізінде облыста халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында бірқатар ірі жобалар іске асатынын айтты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1045507?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау