Бүгін, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өндіріс орындарындағы қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кездегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарына талдау жасау мақсатында облысымызда тұрақты жұмыс жасайтын бірнеше кәсіпкерлік субъектілері мен сақтандыру ұйымдарының басшыларының қатысуымен кездесу өтті.
Кездесуге Департамент басшысы – облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Амангелды Салхудинұлы, Департаменттің бөлім басшысы Асқар Сейтқазыұлы және «Standard Life» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі М.С.Борисов, «Freedom Life» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі А.Бектасова, «NOMAD LIFE» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі С.Садуақас, «КСЖ Евразия» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының директоры А.Рыскелдиев, «Halyk Life» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Байменов Жигер, «Freedom finance Life» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ф.Көшерова қатысты.
Кездесу барысында Департамент басшысы облысымыздағы кәсіпкерлік құрылымдардың, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселесі ұйымдар мен кәсіпорын басшыларының басты басымдылық екендігі, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен олардан міндетті сақтандыру басты міндет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Департамент тарапынан жүргізілген талдау барысында, еңбекті қорғау және қауіпсіздік ақпараттық жүйесінде сақтандыру шарты жоқ болып тұрған кейбір кәсіпорындарда, аталған шарттардың бар екендігі және олардың мерзімдерінің өтпегендігі анықталғандығын нақтылады. Осыған сәйкес, сақтандыру ұйымдарының басшыларына ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағы 15)-тармақшасында жұмыс беруші жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті және «Жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы мәліметтерді жіберу жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2024 жылғы 26 қаңтардағы №14 бұйрығының 4-тармағында сақтанушы жасаған жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты туралы мәліметтерді сақтандырушы дерекқорға енгізу қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу соңында, Департамент басшысы жиынға қатысушыларға сақтандыру ұйымының Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан жалтарған жағдайда және Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы белгілі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескерте отырып, осы бағытта тиісті шаралар қабылдап, қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау барысында туындауы мүмкін жазатайым оқиғалардан және кәсіби аурулардан сақтандыру шарттарын жасау іс-шараларына бірлесіп атсалысуға шақырды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау