Бүгін – Қазақстанда қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген медиаторлардың кәсіби мерекесі.
Медиация – дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, өркениетті жолмен шешудің тиімді тетігі ретінде елімізде тұрақты дамып келе жатқан институт.
2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы осы саланың құқықтық негізін қалыптастырды.
Бүгінде медиация еліміздің құқықтық жүйесінің маңызды элементіне айналып, дауларды шешудің балама әдісі ретінде кеңінен қолданылуда.
13 жыл ішінде бұл салада бірқатар маңызды өзгерістер орын алды. Қазіргі таңда медиация жүйесі құрылымдық әрі мазмұндық тұрғыдан жаңғыру жолында.
Уәкілетті орган ретінде министрлік медиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып, саладағы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз етуде.
Министрлік медиатор ұйымдарының реестрін жүргізу, олардың қызметін үйлестіру, реестрді жаңарту және қоғамдық медиаторлардың жұмысын талдау бағытында кешенді шаралар қабылдап келеді.
Бүгінде елімізде 23 медиатор ұйымы тіркеліп, 2000-нан астам кәсіби медиатор еңбек етуде. Сонымен қатар, өңірлерде 1800-ден астам қоғамдық медиатор халыққа құқықтық көмек көрсетеді.
Жыл басынан бері әлеуметтік осал топтарға 10 000-нан астам тегін кеңес берілді.
Республика бойынша 98 медиация кабинеті жұмыс істейді. Құқықтық көмек көрсету, шиеленістерді шешу және дағдарыс жағдайларынан шығуға қолдау білдіру мақсатында 900-ден астам қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Этномедиация дауларды шешудің ұлттық дәстүрлері мен мәдени ерекшеліктерін ескеретін тиімді құралға айналуда. Бұл бағыт этностар арасындағы өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып отыр. Қоғамдық медиаторлардың басым бөлігі этномәдени бірлестіктермен тығыз жұмыс жасап, этносаралық шиеленістердің алдын алуға септігін тигізуде.
Алдағы уақытта медиация институтының қолданыс ауқымы кеңейе түсетіні сөзсіз. Уәкілетті орган ретінде біз бұл үдерістің кәсіби, сапалы және жүйелі түрде жүзеге асырылуына мүдделіміз.
Медиаторлар күні құтты болсын! Елімізде бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы еңбектеріңізге алғыс білдіреміз!
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1045589?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау