МӘМС жүйесімен қосымша миллионнан астам адам қамтылатын болады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасының негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелері айтылды. Олар туралы ҚР ДСМ МӘМС жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында баяндады.

Ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасын әзірлеу кезінде қаржыландыру моделін қайта қарауды талап ететін демографиялық және экономикалық факторлар ескерілгенін атап өтті. Олардың ішінде халықтың 7% – ға өсуі, медициналық көмекті тұтынушылар санының артуы (60 жастан асқан адамдар мен балалар), 5 созылмалы инфекциялық емес аурулар бойынша науқастар санының өсуі, стационардағы жағдайдың орташа құнының өсуі бар. Осылайша, медициналық көмекті пакеттер бойынша жасанды түрде бөлу проблемасын шешу үшін 2026 жылдан бастап ТМККК пакетінен МӘМС жүйесіне негізгі міндеттемелерді ауыстыра отырып пакеттерді кезең-кезеңмен біріктіру көзделген. Бірінші кезең ағымдағы жылы басталып кетті. Бұл сақтандыру мәртебесіне қарамастан ең көп таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмекпен кепілдік беруге, пакеттер арасындағы медициналық қызметтердің қайталануын және ауысып кетуін болдырмауға мүмкіндік береді. Осылайша, 2027 жылдан бастап қаржыландырудың  сақтандыру моделіне көшуге басымдық беріледі. 

Сондай-ақ заңда МӘМС жарналары мен аударымдарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін жұмыс берушілер үшін 10-нан 40 ЕТЖ-ға дейін, қызметкерлер үшін  20 ЕТЖ-ға дейін арттыру көзделген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру іске асырылмақ. Яғни МӘМС жүйесіне жоғары ақы төленетін қызметкерлердің жарналары мен аударымдарын төлеу бойынша жеңілдіктердің күші жойылады. Бұл өзгерістер барлық жалдамалы жұмысшы мен олардың жұмыс берушілерінің 9%-на әсер етеді. Қазір табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлейді. Жылына қосымша 200 млрд теңге жинақталады. 

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерлемелерінің біртіндеп өсуі күтілуде. 2015 жылы МӘМС туралы ҚР Заңының бірінші редакциясында белгіленген бастапқы қаржы моделіне ішінара оралу басталады. Мемлекет жарналарының мөлшерлемелері 2% – дан 7% деңгейіне көтеріліп, бекітілді. Бұл шаралар қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін жарналарды ұлғайтпауға, ұзақ мерзімді перспективада медициналық көмек жүйесін қолдауға мүмкіндік береді. Кезең-кезеңмен өсіру нәтижесінде мемлекет жарналарының мөлшерлемесі ағымдағы жылғы 2% – дан 2037 жылы 4,7% – ға дейін өседі. 

Қорытындылай келе, денсаулық сақтау жүйесіне 2,8 трлн қосымша қаражат тарту жоспарлануда. Спикер бүгінде елімізде шамамен 16,7 млн адам сақтандырылғанын, олардың 12,1 млн-ы жеңілдік берілген санаттарға жататынын айтты. 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс  қалады. Оның ішіндегі 2,4 млн азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 млн азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдарға жүктеу ұсынылады. Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге арналған шығыстар жергілікті бюджеттерге жүктелген.

«Осы шаралардың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша бір миллионнан астам адам қамтылатын болады», — деп қорытындылады Ләззат Шоманова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-usunkol-fedorov/press/news/details/1046514?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version