Аралау барысында өңір басшысы тұрғын үй қорының алдағы қысқы уақытқа дайындығымен танысып, реконструкция мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жылу желілерін тексерді.
Жұмыс сапары барысындағы бірінші нысан Елгин көшесі, 47/1 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй болды. Бүгінгі күні үйде барлық қажетті дайындық жұмыстары уақтылы жүргізіліп, дайындық актісі алынды.
Аталмыш үйге қызмет көрсететін ұйымда барлығы 18 тұрғын үй бар және жыл сайын жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін әрбір үйде бірден келесі жылға дайындық жұмыстары басталады. Қажет болған жағдайда тозығы жеткен немесе істен шыққан жабдықтарды тарифке қосылған қаражаттың немесе нысаналы алымдар есебінен ауыстыру жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Павлодарда көппәтерлі тұрғын үйлердің 80%-дан астамы жылу қабылдауға толық дайын, оның ішінде жүйелерді қысыммен тексеру және жуу жұмыстары жүргізілген. Айдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
– Жыл сайын жылу беру маусымы басталғанға дейін қажетті жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізетін және жалпы үйдің жағдайына бақылау жасап, оны басқалардан талап ететін белсенді әрі жауапты тұрғындардың саны артып келе жатқаны қуантады, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Одан кейін облыс әкімі Малайсары батыр мен Мүткенов көшелерінің қиылысындағы жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан учаскеге барды. Ұзындығы 365 метр учаскеде диаметрі 426 мм құбырдың жартысынан астамы орнатылды. Жөндеу жұмыстары кезінде ыстық судан ажыратылған тұтынушыларға (13 абонент) ыстық суды қосу үшін жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, ал толығымен 2025 жылдың 10 қыркүйегіне дейін аяқталады.
Шығыс өнеркәсіп аймағында Асайын Байханов 1-ЖЭО-нан тартылып жатқан жаңа ЖМ-20А жылу магистралінің құрылыс барысымен танысты. Жаңа магистраль салу туралы шешім 1972 жылы салынған және 25 жылдық нормативтік мерзімнен екі есе көп қызмет еткен ТМ 20 магистралінің айтарлықтай тозуына байланысты қабылданды.
Жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын жоба ұлттық жоба аясында іске асырылуда және 600-ден астам көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан қаланың оңтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 60%-ға жуығы орындалып, өткізу қабілеті ұлғайтылған 6 км құбырдың 3,5 шақырымнан астамы орнатылды.
Сондай-ақ, ЖМ-31 желісіндегі ПНС-5 сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде, бұл қаланың орталық және жағалау аймақтарының жылу-гидравликалық режимін жақсартады.
Келесі нысан «Қазақстан алюминийі» АҚ 1-ЖЭО болды. Онда әкім станцияның қысқы мерзімге дайындығымен танысты. Мұнда №1 және №3 қазандықтарды, №6 турбинаны және түтін құбырын күрделі жөндеуді қоса алғанда, 6 бірлік негізгі жабдыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жоспарланған іс-шараларды жылу беру маусымының басында аяқтау жоспарлануда.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы 4 бағыт бойынша жүргізіліп жатқан күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері бойынша жиналыс өткізді:
– гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізу арқылы жылумен жабдықтау желілерін дайындау;
– тұрғын үй қорын жылу қабылдауға дайындау;
– жылумен жабдықтау желілерін жаңарту (күрделі жөндеу және реконструкциялау);
– жылу көздерінің негізгі жабдықтарын дайындау.
Биылғы жылы жылу желілеріне жүргізілген көктемгі сынақтар кезінде 223 ақау анықталып, олардың барлығы қысқа мерзім ішінде жойылды. Бұл облыс орталығын ыстық сумен 20 күн ішінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазір Павлодарда алдағы жылу беру маусымы алдында желілерге қайта сынақтар жүргізілуде. Қаланың оңтүстік бөлігінде гидравликалық сынақтар аяқталды. Олардың қорытындысы бойынша 65 ақау анықталды, оның 19-ы магистральдық желілерде. Оларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 13 ақау жойылды. Бұл жұмыстарға 40 авариялық бригада жұмылдырылды.
2 тамыздан бастап қаланың солтүстік бөлігіндегі желілер сынақтан өтуде. Аталған жұмыстарды 5 тамызда аяқтау жоспарлануда, содан кейін анықталған ақауларды жою бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Облыс әкімі тамыз айының соңына дейін қаланы жылу беру маусымына дайындау маңыздылығын атап өтті.
Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қызметтер басқармасының дерегі бойынша қазіргі уақытта жылумен жабдықтау объектілеріндегі желілердің 75% жөнделді, қазандықтар мен жылу магистральдарында жұмыстар жалғасуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында технологиялық ақаулардың саны айтарлықтай төмендеді – өткен маусыммен салыстырғанда апаттық жағдайлардың саны 1,5 есе азайды.
Асайын Байханов жылу беру кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету өңірдің басты басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол жауапты құрылымдарға жұмыс қарқынын жылдамдатуды және жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы технологиялық аудит жүргізу және жаңа абоненттерді қосу үшін қаланың энергия көздерінің қуатын арттыру мәселелерін пысықтау міндетін қойды: 2-ЖЭО, 3-ЖЭО-да 20 Гкалға дейін және 1-ЖЭО-да 48 Гкалға дейін. Бұл облыс орталығының қызыл аймақтарын ашуға мүмкіндік береді және 2027 жылға қарай 2 Павлодар, Горторг, МДС, Зеленстрой, Радиозавод және Лесозавод сияқты қаланың шағын аудандарын орталық жылу желілеріне қосу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Қазан айының соңына дейін жобаны іске асыру бойынша Жол картасын ұсынуды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1046305?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау