Елорда әкімдігі айналасындағы амфитеатрда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай алдында» атты музыкалық-поэтикалық қойылым өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылары Одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған іс-шарада Абайдың өлеңдері оқылып, әндері мен күйлері әуеледі.
Кешті ашып берген аталмыш басқарма басшысы Сәкен Есіркеп жиналған қауымды Абайдың мерейтойымен құттықтап, биыл елордада ұлы ақын мұрасын ұлықтауға бағытталған 140-тас астам іс-шара жоспарланғанын атап өтті. Жыл басынан бері де қаланың оқу ордаларында, мәдениет мекемелерінде, саябақтар секілді көпшілік жиналатын орындарда өтіп келе жатқанын айтты.
«Абайдың туған күні – 10 тамыз екенін білесіздер. Осыған байланысты Астана қаласында әлі де көп іс-шара өтеді. Олар аудандар аумағында, қала театрларында ұйымдастырылады. Барлығын белсене қатысуға шақырамыз. Қаламыздың бір топ қаламгерлері ұлы ақынның басына барып, зиярат етуге, үлкен тойға арнайы делегациямен шыққалы жатыр», – деді Сәкен Есіркеп.
Оның сөзін Қазақстан Жазушылары Одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жалғады.
«Абай – біздің темірқазығымыз, біздің айнамыз. Сондықтан Абайдың алдында бізге әрдайым есеп беріп отыру керек деп есептеймін. Айнаға қарағанда өзіңнің жақсы жағын да, кем-кетігін де көрінеді ғой. Қай кезде де Абайға оралған сайын ұлт есейе түседі деп есептеймін. Сондықтан Абайға жиі-жиі оралып тұруымыз керек», – деді ол.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1047329?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау