Өңір басшысының қабылдауына Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Хромтау, Ырғыз, Қобда және Мұғалжар аудандарының 20 тұрғыны келді. Олардың арасында зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар, жұмыссыздар, сондай-ақ кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары болды.
Қабылдау барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік коммуникацияларға қосылу, жұмыспен қамту, аумақтарды абаттандыру, аграрлық секторды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау сияқты ең өзекті мәселелер қаралды.
Тұрғын үй мәселесі әлі де ең жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Қабылдауда «мүгедектігі бар адам», «толық емес отбасылар», «бюджет саласы қызметкерлері» санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар болды. Оларға заңнамаға сәйкес баспананың кезектен тыс берілмейтіні және пәтерлердің тек кезек ретімен үлестірілетіні түсіндірілді.
Облыс әкімі Кәсіптік бағдар және мансап орталығының басшылығына қолданыстағы бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыру туралы өтініш білдірген жандарға көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Рауан-2» тұрғын алабының тұрғындары инженерлік коммуникациялардың жоқтығына және инфрақұрылымның дамымай жатқанына шағымданды. Әкім бұл аумақта жарық және газ тарту жұмыстары жүріп жатқанын, олардың 2025–2026 жылдары аяқталатынын хабарлады. Аула жағдайы, құрылыстан қалған қоқысқа және жұмыс істемейтін жеделсатыларға қатысты өтініштер бойынша басқарушы компаниялар мен мердігер ұйымдарға нақты міндеттер жүктелді.
«Шпунт Технология KZ» ЖШС басшысы құрылыс саласындағы өнімдерін таныстырса, Қобда ауданынан келген «СА-НУР» ЖШС директоры суармалы егіншілікті дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Әкім тиісті басқармаларға бастамаларды қарастырып, қажет болған жағдайда қолдау көрсетуді тапсырды.
Әрбір өтініш қарауға алынып, нақты шешім қабылданғанға дейін бақылауда болады.
Облыс әкімі әр жеке қабылдау азаматтармен тиімді кері байланыс орнатуға және олардың көкейінде жүрген мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1048272?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау