Біржан сал ауданының экономикасы мен инвестициясы: өсім нүктелері қажет

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Біржан сал ауданы тұрғындарымен өткен кезекті кездесуде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов индустриалды-аграрлық өңірдің әлеуетін атап өтті.

«Өнеркәсіп саласында 30 пайыздық өсім байқалады. Ауданда цемент, уран, темір өндіретін ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Жер қойнауында алтын, уран, фосфорит сынды ресурстар бар. Дегенмен, ауданның облыс экономикасындағы үлесі небәрі 1,8 пайызды құрайды. Мұны өзгерту қажет. Алтынға деген әлемдік бағаның тұрақты өсуі жағдайында ауданның ресурс әлеуетін қайта бағалау өзекті деп есептеймін», – деді өңір басшысы.

Биылғы жылы жалпы құны бір миллиард теңгеден асатын төрт жобаны іске асыру жоспарланған, нәтижесінде 34 жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда «Алтын Бидай НС» және «Қос-Аман» ЖШС ет фермалары іске қосылды, Майлысор кен орнында әк тасын өндіру және терең өңдеу өндірісін қайта жаңғырту жүргізілді. Қыркүйек айында тағы бір ет фермасын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, күзде «Қазгерқұс» ЖШС құс фабрикасының үшінші кезеңінің құрылысы басталады, оны келесі жылы пайдалануға беру көзделген.

Аудан дамуының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы болып қала береді. Мемлекет аграршыларға белсенді қолдау көрсетуде: несие, лизинг, субсидиялар ұсынылады. «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына ерте қаржыландыру аграршыларға егіс науқанын сапалы жүргізуге мүмкіндік берді. Жаңа ережелерге сәйкес, жылдық 2,5 пайызбен өндіріс ашуға болады. Алайда, аудан агроқұрылымдары бұл бағытта әлі де белсенділік танытпай отыр.

«Өнеркәсіптің даму қарқынын ғана емес, ауданның бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, өсімін қамтамасыз ету маңызды. Біздің міндет – өндірісті кеңейтіп, нарықты негізгі азық-түлікпен толықтыру үшін қолжетімді мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Ол үшін бізге ірі инвестициялар қажет», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Кездесу қорытындысы бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жер қойнауын пайдалану бойынша шолу дайындау, сондай-ақ алтын кен орындарын игерудің болашағы жөнінде ұсыныс беру арқылы Степняк қаласына индустриялық орталық мәртебесін қайтару бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1048271?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version