Марат Ахметжанов: «Ауданның дамуы формальді емес, әрбір тұрғын үшін нақты сезілетін болуы тиіс»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Біржан сал ауданында биыл алғаш рет мыңнан астам адам орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған осы және өзге де мәселелер Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың аудан тұрғындарымен өткен кезекті кездесуінде талқыланды.

«Ауданның су мәселесін шешуге 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Заозерное мен Үлгі ауылдарында жобалар аяқталуға жақын, нәтижесінде мыңнан астам адам сапалы ауызсумен қамтылады. Өткен жылыту маусымындағы қиындықтардан кейін Степняк қаласына алты жаңа қазандық сатып алынды, бөлінген қаражат көмір қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етеді», – деді Марат Ахметжанов.

Өңір дамуы үшін жолдардың жай-күйі де маңызды. Биыл көлік инфрақұрылымын жақсартуға 310 млн теңге бөлінді. Жобалар Бірсуат, Қоғам, Тасшалқар және Макинка елді мекендерінде жүзеге асырылуда.

«Жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді – бұл жақсы белгі. Алайда жалдамалы тұрғын үйге келсек, нәтиже мардымсыз. Соңғы бес жылда небәрі екі 21 пәтерлі үй пайдалануға берілді, ал кезекте тұрғандар саны – 254 адам. Тағы бір үй әлі күнге дейін аяқталған жоқ», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ұлттық жоба аясында Андықожа батыр ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, ал Степняк қаласында жаңа аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Бұл тек жаңа ғимарат қана емес, сонымен қатар облыстық мекемелерде сирек кездесетін заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Қажетті мамандарды тарту үшін 8,5 млн теңге көлемінде көтермеақы қарастырылған.

Бұланды ауылында 80 орындық жаңа мектептің аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылысы бес жыл бойы үзіліспен жүргізілген бұл мектепте оқушылар өткен оқу жылын жаңа ғимаратта аяқтады. Сонымен қатар, Андықожа батыр, Макинка және Кенащы ауылдарындағы мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы сабақтар 1 қыркүйекте басталады.

«Жол салу саласында «өтіп кеткен» жобалар болмауы тиіс. Әр жобаның орындалуын жеке өзім бақылаймын. Жыл соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, 21 пәтерлі үйді пайдалануға беруді тапсырамын», – деді Марат Ахметжанов аудан әкімі Бауржан Қасеновке.

Тұрғындарды жеке қабылдау барысында жолдарды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковқа Кенащы ауылынан Степняк қаласына дейінгі облыстық маңызы бар автожол учаскесіне орташа жөндеу жүргізуге құжаттаманы әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік орган басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият зерделеп, шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1048270?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version