Біржан сал ауданының Степняк қаласында 45 төсек-орынға арналған аудандық аурухана мен бір ауысымда 200 адам қабылдайтын емхана құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарова аталмыш медициналық нысанды аралап көрді.
Мердігер ұйым өкілі Динара Оразалының айтуынша, бүгінгі күні жұмыстардың 95 пайызы аяқталған.
«Аурухана ғимараты үш блоктан, асханадан және 8 арнайы техникаға арналған гараждан тұрады. Қазіргі таңда жиһаз орнатылып, инженерлік жүйелердің іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Жабдықтар күн сайын жеткізілуде, бір апта ішінде барлық қажетті құрал-жабдықтар жеткізіледі. Аула абаттандырылу үстінде», – деді Д. Оразалы.
10 мың шаршы метрден асатын кең үш қабатты ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады.Тұрғындар толық медициналық скринингтен өте алады, мұнда флюорография, маммография және физиотерапия аппараттары орнатылған. Сонымен қатар 2 операция мен реанимация бөлімшесі жұмыс істейтін болады.
Медициналық кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін де шаралар қабылдануда – жас мамандарға 8,5 млн теңге көлемінде көтермеақы беріледі, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылуда. Облыс әкімінің гранты арқылы жалпы практика бойынша төрт дәрігер диплом алды, олардың бірі қазірдің өзінде жұмысқа кірісті.
Қазіргі таңда ауданда 1928 жылы салынған ескі аурухана жұмыс істеп тұр.
Аймақ басшысы нысанды аралау барысында ауруханаға ауданаралық мәртебе беру мәселесін көтеріп, құрылысты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Азаматтарға медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейі ұсынылады, бұл ауданның дамуына жаңа серпін береді. Нысанды Конституция күніне дейін аяқтауды тапсырамын», – деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1048269?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау