КІТАПХАНА ЖАҢАРСА – САНА ЖАҢАРАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Сырым ауданында М. Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Жымпитыдағы ғасырлық тарихы бар кітапхана бұған дейін Мәдениет үйінің бір қанатында орналасып келген – ді. Ал, балалар кітапханасы “жаңбыр бір жауса, төбесі екі жауған” ұядай үйді мекендеді.
Міне, қорында 90 мың кітабы бар руханият мекемесі ҚР Конституциясының 30 жылдығы және ғұлама, ойшыл, ағартушы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы аясында дербес шаңырақтың иесі атанды.
Жаңа кітапхананың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев және бірқатар меймандар қатысты.
– Жымпитыдағы жаңа кітапхана – бұл тек кітап оқитын орын ғана емес, жастардың шығармашылықпен шыңдалатын, білім мен ақпаратқа еркін қол жеткізетін, қоғамдық пікір мен мәдени бастамалар тоғысатын зияткерлік орта.
Батыс Қазақстан облысында 357 мемлекеттік кітапхана бар, оның ішінде 333-і ауылдық жерде орналасқан. Елімізде алғаш рет мәдениет саласында жүзеге асып жатқан маңызды бастамалардың бірі – ауылдық кітапханаларды жаңғырту жобасы. Бұл жобаны «Қазақстан халқына» және «Тана»қоғамдық қорлары қаржыландыруда. Бастама аясында 6 аудандық және 19 ауылдық кітапхана модернизациядан өтті. – деген Қайыржан Ермекұлы Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениеті туралы ойын мысалға келтірді:
– Президентіміз «Кітапхана – мемлекеттің ұлттық негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдар сол жерде сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» – деді. Кітапхана – ұлттық сананы қалыптастыратын, руханиятты жаңғыртатын маңызды орталық. Кітапхана жаңарса – сана жаңарады. Ал санасы жаңарған ұлт – кемел болашаққа нық қадам басады. – деді өңір басшысының орынбасары.
Қайыржан Меңдіғалиевтің қолынан руханият ордасының “алтын кілтін” М. Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнұр Уәлиахмет қабылдады.
Құрметті сөз алған белгілі журналист, «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.
Кітапхананы салтанатты ашу құрметі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевке, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Мұқадес Есламғалиұлының ұлы Жасұлан Есламғалиевқа және ардагер кітапханашы Мәрия Мұхамбетқалиеваға ұсынылды.
Қос қабатты ғимарат тек кітап сірескен сөрелерден тұрмайды. Мәдени шараларды қабылдайтын акт және конференц – зал, оқу залдары заманауи сандық жабдықтармен жарақтандырылған. Құны 432 млн теңгені құрайтын жобаны тап – тұйнақтай қылып “қолға ұстатқан” – “Жайық Сити” ЖШС. Басшысы – Мереке Молдағалиев.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1048396?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version