Бүгін Мақтаарал ауданында аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында зияткерлік бағыттағы “Тез тап” интеллектуалдық ойыны басталды. Ауқымды шара «Жастар күні» мерекесіне орай өткізілуде.
Іс-шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарысты ресми түрде ашып берді. Ол өз сөзінде жастардың білімге, шығармашылыққа және белсенділікке ұмтылысы қоғамның дамуына серпін беретінін атап өтті.
Қазіргі таңда жарыс қызу өтіп жатыр. Ауылдық округтер мен мемлекеттік қызмет, білім беру мекемелерінен іріктеліп келген жастар командалары өзара білім бәсекесінде түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап беріп, тапқырлықтары мен жылдамдықтарын сынға салуда. Сұрақтар түрлі салаларды қамтып, қатысушылардың жан-жақты ойлауын талап етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойын өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Жеңімпаз командалар кешкісін белгілі болады. Олар бүгін кешке өтетін “Жастар күніне” арналған гала-концерт барысында марапатталатын болады. Салтанатты кеште эстрада жұлдыздары мен аудан өнерпаздары сахнаға шығып, жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1049146?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау