Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай және оның алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласында 2025 жылдың 7 айында қызылшаның зертханалық расталған 263 жағдайы тіркелді, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші – 11,20 құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңінде көрсеткіш – 143,77 (3296 жағдай) болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылша  ауруы 12,8 есеге азайған.

Ауру жұқтырғандар құрылымында 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 87,5% (230 жағдай), жасөспірімдер – 1,1% (3 жағдай), ересектер – 30 (11,4%) құрады.

Ауру негізінен екпеден бас тартуына, екпеден медициналық босатуға, екпе жасына жетпегеніне байланысты егілмеген балалар және вакцинация статусы белгісіз ересектер арасында тіркеледі.

Ауырғандардың жалпы санынан 226 (85,9%) адам қызылшаға қарсы екпе алмаған, оның ішінде 123 (54,4%) вакцинациядан бас тарту, 37 (16,4%) медициналық қарсы көрсетілімдер, 63 (27,9%) вакцинация жасына жетпеген, 3 (1,3%) басқа себептер бойынша егілмеген. 28 (10,6%) жағдайда вакцинация статусы белгісіз (негізінен ересек адамдар).

3,8% – да (10 жағдайда) ауру қызылшаға қарсы вакцинация курсын толық алмағандар  арасында тіркелді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарымен профилактикалық және індетке қарсы  іс-шаралар жүргізілуде. Қызылша ошақтарында 1964 байланыста болған адамдар анықталып, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы шұғыл иммундауға жататын 124 адам егілді. Барлық байланыста болғандар медициналық бақылауға алынды, ауру ошақтарында қызылшаның алдын алу бойынша санитарлық ағарту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес нысаналы топтағы балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы иммундау жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 7 айында қаланың медициналық ұйымдарында қызылшаға қарсы жоспарлы түрде бірінші рет 19551 бала вакцинацияланды, оның ішінде 12 – 15 айлық 19486 бала егілді, қызылшаға қарсы қайта  екінші рет барлығы 20798 бала егілді, оның ішінде 20634 – ті  6 жаста.

Қалада 18 жасқа дейінгі тұлғаларға, оның ішінде бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған, вакцинация курсымен толық егілгенмегендер және егу статусы белгісіз тұрғындарға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы толықтыра  иммундау жалғасуда. 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы 31 шілдеге дейінгі кезеңде 18 жасқа дейінгі барлығы 72568 адам қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы толықтыра  иммундаумен қамтылады, оның ішінде 5 – 9 жас аралығындағы 12043 бала, 10 – 14 жас аралығындағы 3197 бала және 15 – 18 жас аралығындағы 1689 жасөспірім.

Қызылша – бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрнынан немесе тамағынан секрециялармен тікелей байланыста болғанда беріледі.

Қызылша – адамның ең жұқпалы инфекцияларының бірі, өйткені инфекция көзімен байланысқаннан кейін егілмеген адамдардың 90% – дан астамы ауырады.

Инкубациондық кезеңі – 21 күн құрайды, орташа  7 – 10 күн (науқаспен байланыста болған күннен бастап). Инфекцияны  жұқтырған адам инкубациялық кезеңнің аяқталғанына дейін 2  күн бұрын (яғни алғашқы клиникалық симптомдар пайда болғанға дейін) аурудың көзі болып, және бөртпе пайда болғаннан кейін 5 күн бойы басқа сау адамдарға жұқпалы болып қалады (пневмония болса 10 күнге дейін).

Қызылшаның негізгі белгілері:

– жоғары температура;

– әлсіздік;

– жөтел;

– мұрыннан су ағы;

– ауыз қуысының шырышты қабығындағы ақ дақтар;

– қызыл түсті үлкен дақ түріндегі бөртпелер;

– сондай-ақ лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

 

Бөртпе  аурудың 4 – 5-ші күні бастапқыда бетте, құлақтың артында, содан кейін бүкіл денеде біртіндеп пайда болады.

 

Қызылша ауруы жұқпалы болуымен және инфекциямен ауырғаннан кейінгі асқынулармен қауіпті. Аурудың ауыр ағымында ортаңғы құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтың, сондай-ақ мидың қабынуы сияқты асқынулар дамиды. Кез -келген қабыну мен асқынудан  науқас өлуі мүмкін.

Қызылшамен ауырған адамдардың шамамен 30% – да бір немесе бірнеше асқынулар болады. Көбінесе асқынулар бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде дамиды.

Ең ауыр асқынуларға соқырлық, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ инфекциясы (отит) және пневмония сияқты ауыр тыныс жолдарының инфекциялары жатады.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциямен күресудің ең күшті, қол жетімді және тиімді әдісі – вакцинация екендігін еске салады.  Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балалар қызылшаға қарсы алғашқы егуді 1 жасында (12 – 15 айда), екінші егуді (ревакцинация) – 6 жаста алады.  Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинация қызылшаға қарсы екпе алғаны жөніндегі сенімді мәліметтері жоқ қызылшамен ауыратын науқастармен байланыста болған адамдардың барлығына қажет. Қызылшаға қарсы вакциналар 20 жылдан астам уақытқа созылатын сенімді иммунитетті қалыптастырады.

Вакцинация жүргізу үшін ДДСҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында  тіркелген қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады.

Жоспарлы вакцинация тұрғылықты жері бойынша  емханалардың барлық егу кабинеттерінде, вакцинация жүргізуге рұқсаты бар оқытылған (тәжірибелі) медицина қызметкерлерімен жүргізіледі.

Сондай-ақ, емханаларда қызылшаға қарсы бұрын әртүрлі себептермен вакцина алмаған балаларды толықтыра иммундау жүргізіледі. Сондықтан ата-аналар емханаға барып, балаларына қызылшаға қарсы екпені салғыза алады.

Аурудың кез келген белгілері пайда болған кезде қарапайым сақтық шараларын сақтау ұсынылады:

– науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі мекемелер, мектептер) апармау;

– ересектерге жұмыс орнына бармау;

– адамдар көп жиналатын орындарда жүрмеу;

– дәрігерді телефон арқылы үйге шақыру;

– дәрігер келгенге дейін туыстармен байланысты барынша азайту;

– жөтелгенде және түшкіргенде, орамалмен немесе майлықпен аузыңыз бен мұрныңызды жауып, қолыңызды сабынмен және сумен жиі жуыңыз немесе қолыңызды тазарту үшін құрамында алкоголь бар заттарды қолданыңыз;

–   тыныс алу органдарын қорғау құралдарын пайдалану, бір реттік маска кию;

–  вакцина алмаған адамдарға, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге қызылшамен сырқаттанушылықтың тіркелу кезеңінде адамдар көп жиналатын жерлерге бармау қажет.

 

Қаланың санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары қызылшаны жұқтырудың, сондай-ақ олардың асқынуларын алдын алатын жалғыз тиімді құрал тек вакцинация екенін еске салады.

 

Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған дұрыс!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1049140?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version