Тамыз айы Келес ауданы үшін мәдениет пен өнер саласында жарқын жеңістермен есте қалды. Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінің жас та дарынды өнерпазы Жолдасбек Ақберен Нұрланқызы бар болғаны бір апта ішінде екі мәртебелі байқауда жүлделі орын алып, ауданның абыройын асқақтатты.
10 тамыз күні Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әлемі» республикалық байқауын өткізді.
Алғашқы кезеңде бақ сынаған 117 үміткердің ішінен 26 үздік өнерпаз ғана ақтық сынға жолдама алды. Сол таңдаулылардың қатарында Келес ауданының намысын қорғаған Ақберен Нұрланқызы Абайдың өлеңін жүрекпен жеткізіп қана қоймай, кемеңгердің өмірінен сирек кездесетін тың деректермен де көпшілікті тәнті етті. Нәтижесінде ол жүлделі ІІ орын иегері атанып, қаржылай сертификатпен марапатталды.
Осыдан сәл бұрын ғана Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен көркемсөз оқу шеберлеріне арналған облыстық байқауда да Ақберен Нұрланқызы өз өнерімен ерекшеленген болатын. Үш кезеңнен тұрған бұл сайыста ол ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, прозалық шығармаларынан үзінді келтіріп, әділ қазылардың сауалдарына ұтымды жауап берді. Нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1050607?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау