Келес ауданында халықпен тікелей байланыс орнату және жергілікті мәселелерді жедел шешу жұмыстары жалғасуда. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов пен аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев Жамбыл, Бозай, Бірлік және Ошақты ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында ауыл халқы инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, жер қатынастары және өзге де өзекті мәселелерін ашық айтты. Азаматтар прокуратура және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарын қою арқылы қажетті құқықтық түсіндірулер алды. Әрбір көтерілген мәселе оқиға орнында талқыланып, шешу жолдары ұсынылды. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
— Тұрғындармен тікелей диалог – мәселені жылдам әрі тиімді шешудің басты жолы. Біз әр ауылдың жағдайын көзбен көріп, нақты шешім қабылдауға тырысамыз, – деді аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов.
Осындай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, Келес халқының тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдегі заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1050611?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау