Отбасыңызда сәби дүниеге келгенде не істеу қажет? Туу туралы куәлікті алу үшін қайда жүгіну керек және қандай құжаттар қажет? Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалында айтылды.
Сәбидің дүниеге келуі — әр отбасының өміріндегі ең маңызды оқиға. Филиалда Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-IV «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-ананың немесе олардың біреуінің қалауы бойынша ел аумағындағы кез келген азаматтық хал актілерін тіркеу органында жүргізілетінін атап өтті. Ата-аналар баланың дүниеге келген сәтінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тіркеуге өтініш беруі тиіс.
Медициналық туу туралы анықтама не болмаса туған фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылады. Медициналық анықтамада ананың деректері, сондай-ақ баланың тегі, аты, туған күні, жынысы және құжатты беру күні көрсетілуі тиіс. Егер құжат қағаз түрінде рәсімделсе, ол медициналық ұйымның қолы мен мөрімен расталуы қажет, ал электрондық нұсқада болса — жауапты қызметкердің ЭЦҚ-сымен куәландырылуы тиіс.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың жеті айында Жамбыл облысында АХАТ бөлімдері арқылы 12 853 туу туралы куәлік берілген. Бірінші орында – Тараз қалалық бөлімі (5 326 куәлік), екінші орында – Қордай аудандық бөлімі (1 845), ал үздік үштікті Байзақ аудандық бөлімі қорытындылайды – 1 253 куәлік.
Еске саламыз, баланың тууын тіркеуге өтініш берудің бірнеше тәсілі бар:
• «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;
• электрондық үкімет порталы арқылы;
• проактивті түрде: СМС – хабарлама көмегімен;
• екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы.
Тууды тіркеу тегін жүзеге асырылады. Алайда жазбаны өзгерту, түзету, толықтыру немесе қалпына келтіру қажет болған жағдайда 1 932 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төленуі тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-korday/press/news/details/1050969?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау