Ақтөбедегі Орталық саябақта өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі Жастар күніне арналды. «Ақтөбе қаласының мансап орталығы» филиалы, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы және «Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырған жәрмеңкенің басты мақсаты — жұмыссыздық деңгейін төмендету және нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін ұсыну.
Іс-шараның ашылу салтанатына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев, жәрмеңке ұйымдастырған мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Жәрмеңке барысында 37 мекеме мен кәсіпорын 248 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде «Казхром» АҚ ТҰҚ, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, «KazFelTec» ЖШС, «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі, №83 жалпы орта білім беретін мектеп және тағы басқа көптеген ірі компаниялар мен ұйымдар бар. Ұсынылған жұмыс орындары арасында экономист, заңгер, есепші, психолог, жүргізуші, мұғалімдер, аспазшы, наубайшы, корпоративтік сату менеджері сияқты көптеген мамандықтар болды.
Іс-шараға жұмыссыз жастар, өзін-өзі қамтушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, борышкерлер және пробация қызметі есебінде тұрғандар келіп, жұмыс ұсынушы мекемелердің өкілдерінен кеңес алып жатыр.
Қалалық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе қаласында 7 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 427 адам жұмысқа орналасқан, оның 108-і — жастар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1052287?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау