Ет өнімдері адам рационында маңызды орын алады: ет өнімдері салқындатылған ет пен тартылған еттен шұжықтар, жартылай дайын өнімдер мен консервіленген еттерге дейін өнімдердің кең ассортиментін құрайды. Бұл өнімдер ақуыз, дәрумендер және басқа да қоректік заттардың құнды көзі болып табылады. Өңдеу мен рецепт түрлерінің көптігіне байланысты ет өнімдері күнделікті тамақтануда кеңінен қолданылады және тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие.
Алайда, дәл осы өнім санаты ерекше бақылауды қажет етеді, өйткені ол өндіріс, сақтау немесе тасымалдау ережелерін бұзған кезде үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Санитариялық нормаларды сақтамау, рұқсат етілмеген қоспаларды пайдалану, өңдеудің шарттарының дұрыс болмауы — мұның бәрі өнімнің ластануына және соның салдарынан адам денсаулығына қауіп төндіруге әкеледі.
Мұндай жағдайларды болдырмау үшін Кеден одағы елдерінің аумағында “Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” 034/2013 КО ТР техникалық регламенті қолданылады. Техникалық регламент шикізат сапасына, қайта өңдеу процестеріне, таңбалауға, буып-түюге және өндірістің санитариялық жағдайына қойылатын міндетті талаптарды белгілейді.
Техникалық регламентте ет өнімдерінің құрамына ерекше назар аударылған. Рұқсат етілмеген немесе ықтимал қауіпті заттарды: бояғыштар, хош иістер, өсу гормондары, антибиотиктерді қолдануға тыйым салынады. Барлық ингредиенттер, оның ішінде дәмдеуіштер, өсімдік қоспалары немесе консерванттар қауіпсіз болуы керек және қаптамадағы құрамында көрсетілуі керек. Таңбалаудың дұрыс болуы – 034/2013 КО ТР міндетті талаптарының бірі, себебі тұтынушы өнімге не кіретінін нақты білуі керек.
Бұл ережеге сәйкес етті тек сау жануарлардан жасауға болады. Жануарды союға жібермес бұрын оны ветеринар тексереді. Құжаттар тексеріліп, талдаулар жүргізіледі. Егер жануардың ауруы болса, оның етін сатуға рұқсат етілмейді. Союдан кейін ет те – паразиттердің, микробтардың, зиянды заттардың және басқа да қауіпті белгілердің болуына тексеріледі .
Содан кейін ет өңдеуге түседі. Бұл шұжық, тұшпара, котлеттер, консервілер және т. б. болуы мүмкін. 034/2013 КО ТР өндірістің барлық кезеңдері санитариялық нормаларды сақтай отырып, таза болуын талап етеді. Қызметкерлер арнайы киім киюге, қолдары мен құралдарды үнемі жууға, медициналық тексеруден өтуге міндетті. Үй-жайлар ет ластанбайтындай етіп жабдықталуы керек – жақсы желдету, тоңазытқыштар, шикі және дайын өнімге арналған бөлек аймақтар болуы тиіс.
Қарағанды облысының аумағында сауда орындарында сатылатын ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты негізде мониторинг және бақылау жүргізіледі. Бақылау сатып алу түріндегі іс-шаралар өткізіледі. Бақылау жасау үшін сатып алу шеңберінде ет өнімдерінің 122 үлгісі іріктелді, оның ішінде 107 — шұжық өнімдері, 3 үлгіде немесе 2,4% таңбалау бөлігінде бұзушылықтар анықталды, атап айтқанда – мемлекеттік тілдегі ақпарат орыс тіліндегі ақпаратқа сәйкес келмеді. Анықталған бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Тұтынушылар ет өнімдерін таңдау және оны сақтау кезінде сақтық танытып, негізгі ережелерді сақтауы керек.
Тұтынушыларға ет өнімдерін таңдау және сақтау бойынша ұсынымдар:
– өнім қаптамасын оқыңыз. Құрамына, өндірілген күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аударыңыз.
– иіс – маңызды көрсеткіш. Сапалы ет өнімдерінде өзіне тән, бейтарап иісі бар. Қышқыл, көгерген немесе химиялық иіс — өнімнің жарамсыздығын көрсетеді.
– қаптаманың тұтастығын қадағалаңыз. Зақымдану мен сулану ластануға әкелуі мүмкін.
– сақтау шарттарын сақтаңыз. Салқындатылған ет өнімдерін – тоңазытқышта, мұздатылған ет өнімдерін -мұздатқышта сақтаңыз. Бөлме температурасында сақтауға жол бермеңіз.
– рұқсат етілмеген жерлерде сатып алудан аулақ болыңыз. Қаптамасыз, таңбалаусыз және ветеринарлық құжаттарсыз өнімнің қауіпсіздігіне сенімді болу мүмкін емес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1053039?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау