ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ БАЙҚАУ ӨТІНІМДЕРІ ҚАРАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында өңіріміздегі Тілдерді оқыту орталықтары арасында «Үздік орталық» және «Үздік жарнама» байқауы ұйымдастырылуда. «Үздік орталық» байқауына қатысуға 15 үміткер орталық өтініш берген. Алғашқы іріктеу кезеңінен байқау талаптарына сәйкес 8 орталық жұмысы қорғауға жіберілді. Бүгін кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасының қатысуымен екінші кезеңі өтті.
 
Байқау шарты бойынша орталықтың 2024-2025 жылдардағы атқарған жұмысы мен жетістіктері, орталық тарапынан әзірлеген әдістемелік оқу құралдары, оның кадрлық және сапалық құрамы туралы қысқаша анықтамасы, орталықтың материалдық-техникалық базасы, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталуына баса назар аударылды. Қазылар құрамының алдында орталық басшылары мен әдіскерлері баяндама жасады. Жоғарыдағы талаптардан бөлек арнайы сұрақ-жауап ұйымдастырылды. «Үздік жарнама» облыстық байқауы үш бағыт бойынша бағаланды. Өтінім берген қатысушылардың жұмыстары қазылар алқасына ұсынылды. Материалдарды бағалау кезінде мемлекеттік тілде сауатты жазылуы, дизайны, креативтілігі, шығармашылық еркешелігі, әлеуметтік маңызы ескерілді.
 
Қазылар алқасының құрамында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Филология факультеті, қазақ филологиясы кафедрасының ф.ғ.к., қауымдастырылған профессоры Жазира Исаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Филология факультеті, қазақ филологиясы кафедрасының PhD, аға оқытушысы Маржан Талдыбаева, Түркістан облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Дайындық орталығының оқу-ісі жөніндегі директор орынбасары Бегімжан Айтбаев бар, ал сарапшы ретінде ҚР Журналистер одағының мүшесі, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Тұрсынай Шаметова қатысты.
 
Айта кетейік, байқаудың мақсаты – орталықтардың жұмысына баға беріп қана қоймай, жұмысын жүйелеп, бағыт-бағдар беру. Қатысушыларды ынталандыру мақсатында жүлделі орындар мен арнайы номинация белгіленген. Жүзден жүйрік деп танылған жеңімпаз аудандар 5 қыркүйек күні өтетін салтанатты шарада марапатталады. Облыс бойынша аудан, қалаларда мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 17 тілдерді оқыту орталығы бар. Онда 14 әдіскер, 31 қазақ тілі, 17 орыс тілі, 27 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/1053384?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version