Атырауда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Іс-шараға аймақ әкімі Серік Шәпкенов қатысып, еліміздің басты құндылығы саналатын отбасы институтын нығайтуға, отбасылық тәрбие мен ұлттық тәрбиенің мән-маңызын арттыруға бағытталған ерекше байқаудың маңыздылығына тоқталды.
— Бақыт — сыйластықта, бақыт — бірлікте, бақыт — адал еңбекте. Ұлттық байқауға қатысқан әр отбасы осы сөздің дәлелі. Отбасындағы бірлік, сыйластық пен түсіністік – ұрпақ тәрбиесінің ең басты қайнары. Әке мен ананың жүріс-тұрысы, сөзі мен ісі – баланың бойына сіңетін өмірлік бағдар. Сондықтан әрбір отбасы – бала үшін үлкен мектеп, ал ата-ана – өмірлік ұстаз. Бүгін марапатталып отырған отбасылар дәл осындай асыл қасиеттерімен дараланып, көпке үлгі болып отыр. Біз сіздер арқылы өңіріміздегі жақсы әулеттерді көрсетіп отырмыз. Бұл – өзгелерге де үлкен серпін, мотивация. Сіздер сияқты жанұяларды насихаттауымыз керек,- деді өңір басшысы С.Шәпкенов.
Биыл бұл байқауға қалалық және аудандық кезеңге 74 отбасы өтініш берген. Олардың 16-сы облыстық кезеңге жолдама алған. Нәтижесінде 8 отбасы жеңімпаз атанып, марапатталды.
Лауреаттар:
1. Атырау қаласынан — Сердалиевтер отбасы.
2. Индер ауданынан — Қансұлтановтар отбасы.
3. Исатай ауданынан — Қарабалиндер отбасы.
4. Мақат ауданынан — Көккөзовтер отбасы.
Облыстық кезеңнің бірінші орны Махамбет ауданының тұрғыны Ғұднан Нұрғалиевтің, 2-ші орын қызылқоғалық Ізбасар Отардың отбасына бұйырды. Ал үшінші орынды Жылыой ауданында тұратын Гайдар Арыстановтың жанұясы иеленді.
Бәйгенің облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Құрманғазы ауданындағы Утеповтер отбасы танылды. Зияпеден Утепов пен жолдасы Мағауира Утепова екі қыз, екі ұл, тоғыз немере, бес жиен өсіріп отырған теміржолшылар династиясы.
Жалпы “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсы 2014 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде өткізілуде. Облыс бойынша 11 жылда 726 отбасы қатысқан.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1053721?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау