ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
2027 жылдан бастап Қазақстан денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы Заңға енгізілген маңызды өзгерістерге қол қойғаны белгілі. Негізгі мақсат – біртұтас әрі ашық жүйе. Құжатта жарналар көлемі, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы, сонымен қатар халықты қамту аясын кеңейтуге қатысты маңызды өзгерістер енгізілген. Жаңашылдықтың басты мәні – бюджет мүмкіндіктері мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек пакетінің құрылуы. Бұл қадам денсаулық сақтау жүйесін тұрақты, әділ және қолжетімді етуге бағытталған.
Жаңа заң шеңберінде Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Жиында әкім салаға жауапты басшыларға кіріс саласының өкілдерімен бірлесіп жұмыстарды ширатуды тапсырды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов облыстағы сақтандыру жүйесінің жай-күйі мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасап, әр азаматтың МӘМС жүйесіне қатысудың өз пайдасын түсініп, белсенділік танытуының маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, бұл бастамалар 2027 жылдан бастап қаржыландырудың сақтандыру үлгісіе басымдық беруге мүмкіндік жасайды. Денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын қаржыландыруды 65% – МӘМС жүйесі есебінен, 35% – мемлекеттік бюджет есебінен жүргізу енгізілмек. Бұл үлгі халықтың барлық санатына медициналық көмекті әділ және теңдей қолжетімді етуді көздейді. Сонымен қатар, МӘМС жүйесімен қамтылған халық үлесі 95%-ға дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Соңғы деректерге сәйкес, облыс тұрғындарының 83%-дан астамы сақтандырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2026 жылдан бастап «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» іске қосылады. Жаңа заңға сәйкес, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне (МФБК) медициналық ұйымдардың қызметіне жедел бақылау жасау және өрескел бұзушылықтарға сотсыз әрекет ету құқығы беріледі. Бұл пациенттер құқығын қорғау мен қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қазақстанда денсаулық сақтау саласын сақтандыру моделіне көшіру – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, медициналық қызметтердің әділеттілігін қамтамасыз ету және қаржылық тұрақтылықты нығайту жолындағы маңызды реформа. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Ендігі мақсат – халықты жан-жақты ақпараттандырып, сақтандыру жүйесіне толықтай тарту.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1054019?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version