21 тамызда Қарағанды және Ұлытау облыстарында әкімдіктердің өкілдері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, салалық қауымдастықтар, екінші деңгейлі банктер мен БАҚ үшін көшпелі семинар-кеңес өтті.
Ұлттық жобаның механизмін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазцентр ЖКХ» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өкілдері түсіндірді.
«Инфрақұрылымды жаңғырту – бұл бір реттік шара емес, ел үшін стратегиялық таңдау. Оның сәтті жүзеге асуы экономиканың тұрақтылығына, әлеуметтік тұрақтылыққа және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті ТМРК төрағасы.
Семинар барысында қатысушыларға Ұлттық жобаның негізгі қаржылық тетіктері түсіндірілді.
«Бәйтерек» холдингі энергетика және ТКШ саласын жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаның қаржылық операторы ретінде бюджет қаражатын құюдан қайтарымды қаржыландыруға көшуді қамтамасыз етеді. Бұл монополистерге желілер мен жабдықтарды жаңартуға ұзақ мерзімді капитал тартуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – тек инфрақұрылымның тозуын азайту ғана емес, сонымен қатар жылу, су және электр энергиясымен үздіксіз қамтуды қамтамасыз ететін заманауи инженерлік базаны қалыптастыру», – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Әлия Мұрзагалиева.
Сонымен бірге, өтінім беру тәртібі, қаржыландыру алу, мердігер ұйымдарды іріктеу және жаңғырту барысын мониторингтеу мәселелері таныстырылды.
Биыл Қарағанды облысында электр энергиясын жеткізу және жылумен қамту саласында екі пилоттық жоба іске асырылуда: желілердің тозуы 72,4%-ды құрайтын «Қарағанды Жарық» ЖШС және тозуы 71,7%-ға жеткен «Окжетпес-Т» ЖШС.
«Қарағанды Жарық» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 218 км-ден астам электр желісін қайта құру және 38 трансформаторлық қосалқы станцияны техникалық жаңғырту көзделген. Бұл шаралар желілердің тозуын 0,8%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Компанияның абоненттер саны – 360 мыңнан астам, оның ішінде 350 мыңнан астамы – халық, шамамен 10 мыңы – заңды тұлғалар. Қызмет көрсету аумағына Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай және Бұқар Жырау ауданы кіреді.
«Окжетпес-Т» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында биыл 16 км-ден астам жылу желілері қайта жаңартылуда. Бұл жұмыстар тозуды 1,9%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Компанияның абоненттер саны – 68 мыңнан астам, оның ішінде 66 мыңнан астамы – халық, шамамен 1,9 мыңы – заңды тұлғалар. Компания Теміртау қаласына қызмет көрсетеді.
Ұлттық жоба аясында 2026 жылы Қарағанды облысында 111,16 млрд теңге, ал Ұлытау облысында 40,33 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Кәсіпкерлер мен отандық өндірушілерді Ұлттық жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Ел бойынша 669 лицензияланған EPC-мердігер, 220 отандық өндіруші және шамамен 2,7 мың тауар позициясы талданды.
«Кілтке дайын» шарттарды жасасуға, жобаларды іріктеу мен мониторингтеуге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін электрондық сатып алу платформасы әзірленуде.
Азаматтар мен ұйымдарға Ұлттық жобаға қатысты кеңес беру үшін 1465 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істей бастады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/krem/press/news/details/1054646?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау