Н.КӨШЕРОВ САУРАН АУДАНЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫН НАҚТЫЛАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Сауран ауданына барып, аймақ активімен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, өзекті мәселелер мен шешу жолдары талқыланды.
Актив отырысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, негізгі бағыттар мен жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ауданда өндірісті, инвестиция саласын, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сауран ауданы соңғы жылдары даму қарқынын үдетіп келеді. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек.
– Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамыту тоқтамау керек. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Салықтан жалтарудың жолын кесіп, халықты бұл мәселеде үйретуіміз керек. Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды. Орта кәсіпті дамытуымыз қажет, осы бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді оң бағалап, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өтті. “Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру – басты міндет. Әкімдер мен басқарма басшыларына салғырттыққа жол беруге болмайды,” – деді Көшеров.
Сауран ауданында туризмді дамыту – облыс әкімінің ерекше бақылауында. Ауданға биылғы 7 айда 65 мыңнан астам турист келген. Атап айтқанда, Сауран қалашығы, Үкаша ата мен Жүсіп ата кесенелері туристердің сүйікті орындарының бірі болып отыр.
Ауданға 3,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 туристік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық жобаларды енгізу жоспарланған.
Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Құрылыс көлемі 5,4 млрд теңгеге жетіп, 29,2 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 7 елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі – 43,3%.
Жеті айдың ішінде 18 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114,3% өсімді көрсеткен. 45 493 гектар жерге егіс егілген. Қарбыз, қауын және көкөніс өнімдері Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталып отыр.
Облыс әкімі кәсіпкерлік саласындағы серпінді жобаларға ерекше назар аударды. Сүт зауыты, тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды жобалар қатарында. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылады.
Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақтың экономикалық қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1055771?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version