Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Талица ауылындағы «Талица жалпы негізгі білім беретін мектебіне» барды. Мектеп 1974 жылы жатақхана ретінде салынған екі қабатты ғимаратта орналасқан. Қазіргі уақытта мұнда 95 оқушы білім алуда. Болжам бойынша алдағы бес жылда оқушылар саны 125-ке дейін артады. Сондықтан мектеп инфрақұрылымын кеңейту мәселесі өзекті.
Жалпы, мектеп инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. 2023 жылы мұржалар мен электр жүйесі жөнделіп, бейнебақылау орнатылды. 2024 жылы қазандықтың шатырына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Мектепте 24 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде 4 педагог-зерттеуші, 7 педагог-сарапшы, 8 педагог-модератор және 1 жас маман бар. Бұдан бөлек 7 техникалық қызметкер еңбек етуде.
Талица мектебінде оқу ордасының ұжымы мен жергілікті тұрғындар аймақ басшысына 100 орындық жаңа мектеп салынса деген өтініштерін жеткізді. Өйткені, бейімделген ғимарат білім беру стандарттарына сай емес. Ал спорт зал ғимараттың жертөлесінде орналасқан. Сонымен қатар тұрғындар сапалы интернет орнату, фельдшерлік пункт салу, көшелерге жарық орнату, ауыз су, қалаға қатынайтын автобус жүргізу секілді мәселелерді көтерді.
«Талица мектебінде білім алушылардың саны жыл сайын артып келеді екен. Аудан әкімі жаңа мектеп салу бойынша мәселені зерттеп, ұсыныс беріңіздер. Қарастырайық. Интернет мәселесі келесі жылы шешіледі. Ауылға жыл соңына дейін ауыз су тартылады. Автобус қатынасы мәселесі осы маңдағы Каштак, Половинка сияқты ауылдарға да ортақ мәселе. Сондықтан бір бағытта қоғамдық көлік қатынайтын болады. Көшелерге жарық орнату, фельдшерлік пункт салу, басқа мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі», – деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1055796?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау