Тәжірибе алмасу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«KASIPdau» акциясы аясында Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ақсақалдар кеңесі «Қоғамдық келісім» мекемесінде жамбылдық жастармен «Адал азамат» бағдарламасын іске асыруға арналған кездесу өткізді. Басты мақсат — аға буын мен жас кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, жауапкершілігі жоғары, белсенді тұлғаны тәрбиелеу, еңбек адамының оң бейнесін қалыптастыру және жастардың инновациялық әлеуетін дамыту.

Жоба әртүрлі сала мамандарын көпшілікке таныстырып, адал еңбегімен табысқа жеткен тұлғалардың құндылықтары мен тәжірибесін жастарға жеткізуді көздейді.

— «KASIPdau» шеңберінде біз кәсіптік бағдар беру кездесулерін өткіземіз: жастар өңірдегі кәсіпорындар мен өндіріс орындарына барып, түрлі мамандықтармен танысады, дағдыларын дамытып, жаңа білім алады. Мүмкіндіктерді кеңейту үшін тренингтер, мотивациялық жүздесулер, этномәдени бірлестіктер кәсіпкерлерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Жобаны жергілікті телеарналар, әлеуметтік желілер, блогтар, подкасттар мен әлеуметтік роликтер арқылы кеңінен насихаттауға көңіл бөлінуде. Жоспарда мектеп және колледж оқушылары арасында қоғамдық пайдалы еңбек апталығы, «Қолөнерім — мол өнер» және «Әке көрген» жобалары аясында ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, Еңбек күніне орай «Еңбек түбі — береке» сынып сағаттарына қатысу қарастырылған, — деді облыстық ассамблеяның ақсақалдар кеңесінің төрағасы, облыстық АНК төрағасының орынбасары Асқарбек Сейлхан.

«Адал азамат» бастамасын іске асыруға қатысқан кәсіпкерлер, дәрігерлер, педагогтар, спортшылар, кәсіпорын қызметкерлері және шаруа қожалықтарының өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды. Жоба республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған басқа да көздерден қаржыландырылады. Жобаның ұйымдастырушысы — этномәдени бірлестіктерді (ЭКО), жастарды және қоғамдық ұйымдарды бірлесе әрекет етуге жұмылдыратын «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Әңгіме тек кәсіпкерлік туралы ғана емес, дегенмен бұл бағыт жетекші орын алады. «KASIPdau» жастарды идеяларын батыл жүзеге асыруға үйретеді, Жамбыл облысында дамып келе жатқан табысты бизнестің үлгілерін көрсетеді, жаңа шешімдер мен бастамаларға жігерлендіреді.

Кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдар мен студенттердің қатысуы «KASIPdau» жобасын бірегей ынтымақтастық алаңына айналдырады. Мұнда шағын және орта бизнестің мәселелері талқыланады, жергілікті компаниялардың тауарлары таныстырылады, білім алмасу жүріп, жаңа әріптестік пен идеялар дүниеге келеді.

— Жоба жергілікті кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, жаңа буынды созиданды еңбекке қанаттандырады. Ақсақалдар жастардың өз істерін жалғастыруға дайын екенін көрсе, жастар қолдау мен тәлімгерлікті сезінеді. Нәтижесінде қоғамды бекемдейтін, болашақ дамудың негізін қалайтын диалог қалыптасады, — деді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбеков.

Ресми бөлімнен кейін өткен көрмеде қонақтар жергілікті компаниялардың жетістіктерімен танысты. «ТаразКожОбувь» ЖШС аяқ киімнің жаңа топтамаларын ұсынып, өндірістің технологиялық мүмкіндіктерін көрсетті. «Сәуле» кондитерлік фабрикасы тәттілердің алуан түрімен таңғалдырды, ал оның өкілі Екатерина Вескина даму жоспарлары туралы жан-жақты айтты. «RANO KOMFORT SERVICE» компаниясы тұрмыстық химия өнімдерін көрсетіп, өндірістегі экологиялық тәсіл мен заманауи ұстанымдарды атап өтті. Ерекше қызығушылық тудырған «Avero» матрас фабрикасы тұтынушылардың денсаулығы мен жайлылығына басымдық беретінін жеткізді.

Қоғам қайраткері Ілияс Ешенқұлов студенттерді өз идеяларын іске асыруда бастамашылдық пен батылдық танытуға шақырды. Бағдарламаның түйіні концерттік бағдарлама және ортақ суретке түсумен қорытындыланды.

— Мұндай көрмелер өңіріміздегі нарық қандай мүмкіндіктер ашатынын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Біз табысты кәсіпорындардың нақты мысалдарын көріп, олардың тәжірибесімен танысамыз. Бұл өз идеяларымыз бен жобаларымызды дамытуға шабыт береді, — дейді Дулати университетінің студенті Айгүл Орынбаева.

Артём КИМ,
фото: Юрий КИМ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1055790?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version