Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде салынып жатқан жаңа орталық саябақтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қоғамдық маңызы зор бұл нысан тұрғындар үшін жайлы демалыс орнын қалыптастыруды көздейді.
Өткен аптаның соңында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков құрылыс аумағына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап қайтты.
Нысанды аралап көрген Бижан Шералыұлы мердігер мекемеге жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімін қатаң сақтауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл саябақ тұрғындар үшін көптен күткен қуанышты жаңалық.
«Әрине, бұл құрылысты жерлестеріміз көптен бері асыға күткен анық. Өйткені отбасы мүшелерімен серуендейтін, балаларымызды қыдыртатын орындар ауданымызда сирек. Бұл бастама жергілікті халықтың демалуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды нысан болмақ», – деді, аудан әкімінің орынбасары.
Саябақтың құрылысын жүргізіп жатқан – “ГрадСтройСервис” ЖШС мердігер компаниясы. Олар нысанды қыркүйек айының соңына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаның тапсырыс берушісі – ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Саябақ жобасын әзірлеген – “Сантех-Строй Проект” ЖШС, ал құрылыс барысын бақылаушы – “Нұр&М Құрылыс” ЖШС техникалық қадағалау компаниясы.
Саябақ жобасына сәйкес, мұнда балаларға арналған ойын алаңдары, түрлі аттракциондар, концерттер мен мәдени шаралар өткізуге арналған ашық сахна, субұрқақтар мен жасанды көлшіктер, автотұрақ, орындықтар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, жасыл желек, ағаштар мен сәндік бұталар егіледі.
Жобалаушылардың айтуынша, жаңа саябақ тек қана демалыс орны емес, сонымен қатар тұрғындардың мәдени-әлеуметтік өміріне серпін беретін маңызды нысанға айналмақ.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1055937?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау