ОТЫРАБАТ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРГЕ НАҚТЫ ҚАДАМДАР ЖАСАЛУДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Темір ауыл округінің дамуы мен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Соның бір көрінісі ретінде бүгін Отырабат елді мекенінде тұрғындармен кездесу өтті. Кездесуге «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Амзеев Ардақ Нажмидинұлы, Отырар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай және Темір ауылының әкімі Ақарыс Жүсіпұлы қатысты.

Депутат елді мекен тұрғындарына атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен тоқталды. Көп жылдан бері Отырабат елді мекенінің негізгі мәселелерінің бірі – ауыз су тапшылығы болып келгені белгілі. Ескі су қондырғылары жиі істен шығып, тұрғындар тұрақты әрі таза ауыз суға қол жеткізуде қиындық көрген еді. Кездесу барысында депутат Ардақ Нажмидинұлы бұл бағытта нақты істер атқарылып жатқанын атап өтіп, қазіргі таңда салынып жатқан жаңа су мұнарасының (су сақтайтын резервуар) құрылыс барысымен арнайы барып танысты. Бұл бастама тек Отырабат ауылына ғана емес, көршілес Қарақоңыр елді мекеніне де қатысты. Жоба аяқталған соң, екі елді мекен де таза әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде екендігін атап өтті.

Су мәселесінен кейін тұрғындардың басты көтерген тақырыбы – Шәуілдір–Түркістан үлкен автокөлік жолынан ауылға кіреберістегі көпірдің тозуы болды. Қазіргі көпірдің жағдайы автокөліктердің қозғалысына кедергі келтіріп, тұрғындардың күнделікті тіршілігіне айтарлықтай әсер етіп отыр. Ардақ Нажмидинұлы бұл мәселенің назардан тыс қалмағанын айтып, биылғы жылы көпір құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, аталған құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар көпірмен бірге аталған көпірден Шәуілдір–Түркістан үлкен автокөлік жолына дейінгі аймаққа жаңа асфальт төсеу жұмыстары бірге жоспарлануда екендігін алға тартты. Бұл жаңалық ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш әкелді, себебі сапалы жол – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі екендігі белгілі.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тағы бір маңызды мәселені көтерді – балаларға арналған ойын алаңының қажеттілігі еді. Депутат бұл өтініштің орынды екенін айта келе: «Балалар – біздің болашағымыз. Соңғы жылдары Темір ауыл округінде жыл сайын жаңа ойын алаңдары салынып келеді. Алдағы уақытта Отырабат ауылына да ойын алаңы салу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», – деп ауыл тұрғындарына мәлімдеді.

Ауылдағы кездесу кезінде тұрғындар тағы бір өткір мәселені көтерді — елді мекенде дәрігерлік пункттің жоқтығы. Қазіргі таңда тұрғындар қарапайым тексеру үшін де аудан орталығына баруға мәжбүр, бұл әсіресе қарттар мен балаларға қолайсыздық тудырып отыр екендіктерін жеткізді. Ардақ Нажмидинұлы мәселенің маңыздылығын ескеріп, оны шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізілетінін айтты. Алдағы уақытта Отырабат бастауыш мектебінің бір бөлмесінде арнайы дәрігерлік кабинет жасақталып, алғашқы медициналық қызмет көрсету қолға алынатынына уәде берді.

Кездесу барысында депутат Отырабат бастауыш мектебіне бас сұғып, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Мектеп ұжымы алдағы оқу маусымына толық дайындық жүргізіп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары өзекті мәселелерге көңіл бөлініп, нақты шешу жолдарының қарастырылып жатқанына ризашылықтарын білдірді. Көптен бергі мәселелердің назардан тыс қалмай, іс жүзінде шешімін тауып келе жатқаны ауыл халқының сенімін оятты. Тұрғындар депутат пен жергілікті билік өкілдеріне ашық әңгіме үшін алғыс айтып, алдағы жұмыстардың нәтижесін асыға күтетіндерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1056016?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version