Семей қаласы педагогтерінің тамыз конференциясы өтіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Семей қаласында дәстүрлі «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясы өтуде. Жиын қаланың барлық білім беру ұйымдары үшін жаңа оқу жылы алдындағы басты бағыттарды айқындайтын маңызды алаң болып табылады.

Конференция жұмысы екі бөлімнен: пленарлық отырыс және салалық секциялардан тұрады. Пленарлық бөлімде білім саласындағы жаңа бастамалар, ұлттық жобалар мен реформалар таныстырылса, секция отырыстарында нақты бағыттар бойынша тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және ұсыныстар әзірлеу жоспарланған.

Ашылу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар, жиынға қала мектептері мен балабақшаларының ұстаздары, білім саласының ардагерлері, әдістемелік орталық мамандары қатысты.

Шақырылған қонақтар қатарында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сарапшылары, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры және ғалымдар – PhD докторанттар бар. Олар педагогтерге арналған баяндамаларында заманауи педагогикалық әдістерді енгізу, цифрлық білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, оқушылардың сыни ойлау мен креативті қабілеттерін дамыту жолдарын ұсынды.

Жиын барысында алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды. Атап айтқанда білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа әдістемелерді қолдану, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, тәрбие жұмысының мазмұнын ұлттық құндылықтар негізінде жетілдіру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және үздіксіз даму жүйесін нығайту.

Сонымен қатар, конференция аясында үздік педагогтер марапатталып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жас мамандар үшін арнайы шеберлік сағаттары өткізіліп, ұстаздар қауымына әдістемелік құралдар мен оқу-әдістемелік материалдар таныстырылды.

Бұл шара – Семей қаласы ұстаздарының жаңа оқу жылына тың серпінмен, ортақ мақсат пен жаңа идеялармен қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды басқосу болып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1056226?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version