Ақтау қаласында қала әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Сәркеновтың төрағалығымен кезекті жүрмелі жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ерғали Скендиров, әкімдіктің бөлім басшылары мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алдымен жұмыс тобы 19-шағын ауданда жаңғыртылып жатқан суағар жүйесінің жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда қала аумағында 24 суағарға күрделі жөндеу, 10 нүктеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, тағы 10 аумақта жаңа суағар салу жоспарда бар. Бұл жөнінде жиын барысында Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан мәлімдеді.
Кейін жиын өкілдері қала аумағындағы электр энергиясын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге барды. Жалпы ұзындығы 22,5 шақырымды құрайтын электр желілерін жаңарту жұмыстары шаһардың 6 бірдей аумағында қатар жүзеге асырылуда. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Ерғали Скендиров 27-шағын аудандағы жобаның орындалу барысын тексеріп, мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
– Келісімшартта белгіленген мерзімді қатаң ұстану қажет. Уақытты тиімді пайдалану арқылы жұмыстарды жедел әрі сапалы аяқтауға басымдық берілуі тиіс, – деді Ерғали Скендиров.
Сонымен қатар, жүрмелі жиын аясында қала аумағын абаттандыру жобаларына да назар аударылды. Жауапты мекемелерге жұмыстарды жүйелі жүргізіп, сапаға ерекше мән беру қажеттігі ескертілді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1056227?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау