2025 жылғы 14 қазанда Самарқанд қаласында 80-нен астам университет пен шамамен 30 елдің жоғары оқу орындарының, академиялық институттар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірген Жібек жолы университеттері желісінің (SUN) 10-шы Бас ассамблеясы өтті.
Іс-шара аясында цифрлық трансформация, жасанды интеллект, экология, білім берудегі инновациялар және халықаралық академиялық алмасу тақырыптарына арналған пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар мен зерттеу жобаларының таныстырылымдары ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консул Талғат Шәріпов құттықтау сөз сөйлеп, Самарқандтың мәдениеттер диалогының және Жібек жолы елдерінің академиялық бірлігінің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Ол осындай халықаралық форумдардың өткізілуі білім беру және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды дамытуға және Орталық Азиядағы тұрақты дамудың қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Ассамблеяның негізгі нәтижелерінің бірі — қатысушы елдердің университеттері арасында өзара түсіністік туралы бірнеше меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжаттар бірлескен зерттеу жобаларын, академиялық алмасуларды, қос дипломды бағдарламаларды және тұрақты туризм мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Ассамблея жұмысының қорытындысы бойынша SUN мүше университеттерінің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен іс-қимылдарға дайын екендігін растайтын қарар қабылданды.
Самарқанда өткен мерейтойлық Ассамблея Шығыс пен Батысты байланыстыратын мәдениеттер мен білімнің сабақтастығының маңызды символына айналып, Өзбекстанның халықаралық білім беру және ғылыми өзара іс-қимыл орталығы ретіндегі ерекше рөлін тағы да айқындады.
Бастапқыда Ассамблеяны 2025 жылғы 28 қыркүйекте өткізу жоспарланған еді, алайда ұйымдастырушылық себептерге байланысты ол 2025 жылғы 13–16 қазан аралығына шегерілді. Қазақстан тарапынан іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Жансейіт Түймебаевтың қатысуы жоспарланған болатын, алайда жұмыс кестесінің тығыздығы мен күннің өзгеруіне байланысты ол қатыса алмады.
Ассамблеяның ұйымдастырушылары ретінде Самарқан технологиялар халықаралық университеті (SIUT), Самарқан шетел тілдері мемлекеттік институты және «Жібек жолы» туризм және мәдени мұра халықаралық университеті аталды. Іс-шараға Канада Дубай университеті (БАӘ) және Италияның Ка’ Фоскари Венеция университеті де қолдау көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-samarkand/press/news/details/1093316?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау