🪕 Хромтауда «Күй күмбірі» аймақтық күйшілер байқауы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Хромтау ауданының Мәдениет орталығында Беркімбаев Ермекбай Қалжанұлының жүлдесіне арналған дәстүрлі «Күй күмбірі» аймақтық күйшілер байқауы жоғары деңгейде өтті. Биыл бұл байқау 5-ші мәрте ұйымдастырылып, ұлттық күй өнерін дәріптеудің айрықша рухани сахнасына айналды.

Шараның ашылуында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Жасұланұлы Тлеумұратов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, күй өнерінің ұрпаққа аманат етілуінің маңызын атап өтті.

Байқауға Ақтөбе облысы мен өзге өңірлерден келген 18 жас күйші қатысып, Тәттімбеттен бастап Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Түркеш сынды дала дүлдүлдерінің күйлерін нақышына келтіре орындады. Сайыс екі кезең бойынша өтті:

 I кезең – Қазанғап Тілепбергенұлының күйі

 II кезең – Еркін тақырыптағы күй
 
Ұлттық өнердің дамуына үлес қосқан дәулескер күйші Ермекбай Қалжанұлының өнегелі жолына тағзым ретінде өткен бұл шарада жас таланттардың орындаушылық шеберлігі, сахналық мәдениеті және күйді жеткізу мәнері бағаланды.

Қазылар алқасында еліміздің белгілі өнер майталмандары төрелік етті:
– ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлаубай Асылханов
– ҚР Мәдениет саласының үздігі Талап Хамзин
– Халықаралық байқаулардың лауреаты Құрманғазы Асылханов

Байқау қорытындысында үздік өнер көрсеткен күйші жастар төмендегідей марапатталды:

 III орын
• Кеңес Абдолла (Атырау облысы)
• Бекмырза Думан (Шалқар ауданы)

 II орын
• Жұмағалиев Қайрат (Атырау облысы, Құлсары қаласы)
• Шайқақов Әлқадыр (Ырғыз ауданы)

 I орын
• Балмағанбетов Бекарыс (Ақтөбе қаласы)

 Бас жүлде
• Азирбаев Шабай (Мәртөк ауданы)

Бас жүлде иегері Ермекбай Қалжанұлының көзіндей сақталған жәдігер домбырада күй орындау құрметіне ие болды.

Қоңыр домбыраның күмбірі Хромтау төрін тербеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғанар ұлттық рухтың мәңгілігін тағы бір мәрте айғақтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1097254?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version