Форум интерактивті форматта ұйымдастырылды: қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылып, бейнероликтер көрсетілді, зияткерлік ойындар мен талқылаулар жүргізілді. Мамандар интернет-алаяқтар қазіргі таңда қолданатын тәсілдерді, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жасалатын схемаларды қарапайым тілмен түсіндірді.
Ең жиі кездесетін алаяқтық түрлеріне ерекше назар аударылды: жалған банк қызметкерлерінің қоңыраулары, WhatsApp және Telegram мессенджерлеріндегі аккаунттарды бұзу, фишингтік сілтемелер, басшылар мен әріптестердің атынан ашылған жалған парақшалар, сондай-ақ QR-код арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер.
Форумда мектептегі киберқауіпсіздік мәселесіне арналған арнайы бөлім болды. Онда балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі — мұғалімдер, ата-аналар және полицияның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Қатысушыларға заманауи интернет-алаяқтық түрлері бойынша білімін тексеру үшін QR-код арқылы онлайн-тесттен өту ұсынылды.
Шара барысында арнайы шақырылған блогерлер мен Жетісу облысының белсенді тұрғындары сөз сөйлеп, алаяқтық әрекеттермен бетпе-бет келген жеке тәжірибелерімен бөлісті және сақтану жолдарын айтты.
Форум соңында Жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері полиция қызметіне орналасу, бейінді оқу орындарына түсу мүмкіндіктері және «Жас сақшы» кадет сыныптарының жұмысы туралы ақпарат берді.
Аталған форум халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернет-қылмыстардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1152945?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау