Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бастап (1 қыркүйектен бастап) Қазақстан Республикасында ЖРВИ-дің 3 332 252 жағдайы тіркелді, бұл өткен маусымның ұқсас кезеңіне қарағанда 10%-ға төмен.
Осы кезеңде зертханалық расталған тұмаудың 3 018 жағдайы анықталды, оның ішінде: А тұмауы вирусы (H3N2) – 2 958 жағдай, А тұмауы вирусы (H1N1) – 53 жағдай, В тұмауы вирусы – 7 жағдай.
Тұмаудың профилактикасы шеңберінде 2 272 739 адам вакцинацияланды, бұл халықтың 11,13%-ын құрайды және ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келеді.
Білім беру ұйымдарындағы оқу процесі штаттық режимде жүзеге асырылады. Оқушылардың арасындағы сырқаттанушылық сыныптағы оқушылар санының 20%-нан аспайды.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық шараларды сақтау қажеттілігін еске салады: қолды үнемі жуу, үй-жайларды желдету, дымқыл тазалау, сондай-ақ аурудың белгілері болған кезде адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу.
Сонымен қатар, елде қызылша ауруының тіркелуі жалғасуда. 2025 жылдың қараша айынан бастап сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Жағдайлар Шымкент қаласын қоспағанда, еліміздің 19 өңірінде тіркелген.
Сырқаттанушылардың негізгі үлесі егілмеген халыққа тиесілі – жағдайлардың 80%-ы, бұл ретте балалардың 58% – ы ата-аналарының бас тартуы салдарынан вакцинацияланбаған.
Вакцинациялау қызылша профилактикасының жалғыз тиімді шарасы болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға ұлттық күнтізбеге сәйкес балаларда профилактикалық егулердің болуын тексеруді және қажет болған жағдайда тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгінуді ұсынады.
Сонымен қатар, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдерінде Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Үндістанды қоса алғанда, осы инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Мұндай елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.
Халықаралық әуежайларда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізіледі. Медициналық ұйымдар жоғары дайындық режиміне ауыстырылды, дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялық препараттардың қорлары қамтамасыз етілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1157936?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау