Стамбул қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің екінші отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көлік министрлігінің басшылығы Стамбул қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің екінші отырысына қатысты. Іс-шараға ИЫҰ елдерінің көлік ведомстволарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында ИЫҰ кеңістігіндегі көлік байланысын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Қазақстан тарапы транзиттік әлеуетті дамыту, тасымалдау процестерін цифрландыру және өңірлер арасындағы орнықты логистикалық маршруттарды қалыптастыру бағытында күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Аталған ұстанымдар Мемлекет басшысының елімізді Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайту туралы тапсырмалары аясында іске асырылып жатқаны атап өтілді. Бұл ретте халықаралық дәліздерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде.

Конференция аясында Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей және Өзбекстанның көлік ведомстволары басшылығымен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер барысында Орта дәлізді, «Солтүстік — Оңтүстік» бағытын, «Трамп маршрутын» және Трансауған бағытын ілгерілету, сондай-ақ тасымалдау рәсімдерін жеңілдету және транзит көлемін арттыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар іс-шара аясында Қазақстанның көлік инфрақұрылымына ірі инвесторлар болып табылатын TAV Havalimanlari Holding және S Sistem Lojistik компанияларының басшыларымен кездесулер өтті.

Атап айтқанда, TAV Havalimanlari Holding компаниясының бас атқарушы директоры Серкан Каптанмен кездесу барысында Алматы қаласының халықаралық әуежайын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Анықтама: TAV Havalimanlari Holding — 8 елде 15 әуежайды басқаратын халықаралық әуежай операторы. Қазақстанда компания Алматы қаласының халықаралық әуежайына иелік етеді және оны басқарады. Әуе айлағын дамытуға, соның ішінде жаңа халықаралық терминал салуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 400 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.

Кездесу барысында С. Каптан 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы халықаралық әуежайының жолаушылар ағыны 12,1 млн адамды құрағанын, бұл көрсеткіш әуежайды Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшылар қатарына шығарғанын атап өтті.

Ал S Sistem Lojistik компаниясы басқармасының төрағасы Хусейн Барлин Қазақстан Республикасы Үкіметіне Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы аумағында «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп логистикалық орталық салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру барысында көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғыс білдірді.

Анықтама: S Sistem Lojistik — авиациялық, автомобиль, теміржол және теңіз тасымалдары саласында кешенді қызмет көрсететін Түркияның жетекші логистикалық компанияларының бірі. Қазақстанда құны 25 млн АҚШ доллары болатын Ақтөбе қаласында логистикалық орталық салу жобасын жүзеге асыруда және алдағы уақытта қызметін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейтуді жоспарлап отыр.

Хусейн Барлин аталған жобаның іске асырылуы Қазақстанның өңірдегі логистикалық әлеуетіне оң әсер ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев серіктестерге саланы дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Республикасы Үкіметі көлік инфрақұрылымына ұзақ мерзімді инвестициялар тарту үшін тұрақты және болжамды жағдай қалыптастыру саясатын дәйекті түрде жүргізіп отырғанын атап өтті. Елдің транзиттік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру жұмыстары жүйелі негізде жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1160676?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version