Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Талғат Көлкебаевтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс елуінші сессиясының отырысы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Дархан Тлеуов, Мәртөк ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Шамиль Саринов қатысты.
Күн тәртібіне келесі мәселелер енгізілді:
1) Мәртөк аудандық мәслихатының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы № 278 «2026-2028 жылдарға арналған Мәртөк ауданының ауылдық округтерінің бюджеттерін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
2) Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Мәртөк ауданына қарасты мемлекеттік мекемелерінің азаматтық қызметшілеріне лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстеме ақыларын белгілеу туралы.
3) Мәртөк ауданының әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамындағы өзгерістерді бекіту туралы.
Күн тәртібіндегі ауылдық округ бюджеттерін нақтылау туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева баяндама жасап, ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың негіздемесін түсіндірді. Әсіресе, бюджетті нақтылау мәселесі аясында ауылішілік жолдарды күтіп ұстау, санитарлық тазалау, көшелерді жарықтандыру және ауылдық округтердің өзекті қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағыттары қамтылды.
Депутаттар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, бюджеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қатысты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, азаматтық қызметшілерге ынталандыру үстемеақыларын белгілеу олардың еңбек өнімділігін арттыруға және кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсер ететіні атап өтілді.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-martuk/press/news/details/1164538?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау