Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда тұрғындар тұрғын үй алу, ономастикалық және құқықтық мәселелер бойынша жүгінді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қабылдауда Алакөл, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласының тұрғындары болды. Өңір басшысының алдына кірген Серік Асылбеков Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер әкесінің атына көше беру туралы ұсынысын жеткізді. Оған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, яғни көшеге атау беру және оған тиісті құжаттарды ұсыну тәртібі түсіндірілді.
Сол сияқты мемлекеттік қордан баспана алу туралы сұрағына орай Іңкәр Жүнісбекке тұрғын үй беру заңнамасына сәйкес түсіндіру бағытында жауап берілді. Сонымен қатар азаматшаның өзіне қатысты жасалған заңсыздықтарды әділ тергеу туралы талабын жергілікті прокуратура органдары қарастыратын болады. Сондай-ақ қабылдауда аталған құзыретті орган өкілдері Майра Сейсенбекованың да құқықтық мәселелер жөніндегі сұрақтарын егжей-тегжейлі тексеретінін айтты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1169481?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау