Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының даму жоспарлары туралы орталықтың директоры Сапар Рахменшеев Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовке есеп беру кездесуде баяндады.
Биыл мекеменің тіркеу бөлімінде жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Виртуалды көмекші тұрғындарға жазылу, медициналық көмек алу мәселелері бойынша кеңес береді және бұл қызметтің қолжетімділігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Орталыққа 2025 жылы 3 мыңға жуық адам жүгінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5% – ға артық. Динамикалық бақылауда 17 509 пациент тіркелген . Сонымен бірге тәулік бойы стационарлық емдеуге сұраныс артып, ауруханаға жатып емделушілер саны 9,3% – ға өскен.
Емделушілердің жартысынан астамы орталықтың емханасы берген жолдамамен келсе, 47% – ға жуығы жедел жәрдем қызметімен жеткізілді.
Науқастардың көпшілігі ақыл-есінің тежелуі ауруына шалдыққан. Сонымен бірге алкоголь мен есірткіге тәуелді тұрғындар да динамикалық бақылауда. Былтыр аудандық соттардың шешімдері бойынша 240-қа жуық адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.
Орталық әлеуметтік оңалту бағдарламаларын белсенді дамытуда. Пациенттерді әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында еңбек терапиясына жұмылдырылған. Баспаханада және тігін цехында еңбек етіп, бау-бақшаны күтумен айналысады. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, кітапхана мен шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылған .
Тәулік бойы”сенім телефоны” жұмыс істейді. Былтыр психологтар 7 мыңға жуық тұрғынға тегін кеңес берді. Әлеуметтік мәселелер мен отбасылық жанжалдарды айтып қоғырау шалушылар көбейген. Ал аутодеструктивті мінез-құлыққа байланысты шағымданушылар азайған.
Жастар арасында дерттің алдын алу шараларына айрықша көңіл бөлінеді. Бір жыл ішінде орталық мамандары білім беру мекемелерінде 269 семинар өткізген. 30 мыңнан астам оқушы мен студент қатысты. Психологтар ата-аналармен, тәрбиешілермен және ювеналды полиция қызметкерлерімен жұмыс істейді.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы пациенттерді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін тұңғыш мәрте № 8 емхана базасында дәрілік препараттарды беруді ұйымдастырды. Сондай-ақ психикалық ауытқулары бар балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарына арналған ментальды мектебі іске қосылған. Сондай-ақ оңалту бағдарламалары аясында театр сыныбы ашылған. Көктемде орталық ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу және сейсмикалық күшейту жұмыстары жоспарланған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1169493?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау