Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның мақтанышы Бекзат Саттархановтың әкесі, қаламыздың «Құрметті азаматы» Сейілхан Саттарханұлын еске алуға арналған бокстан 2013–2014 жылы туған жасөспірім ұлдар арасындағы Түркістан облысының ашық турнир өтті.
Дәстүрлі спорттық дода жас спортшыларды салауатты өмір салтына баулу, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу және боксты кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Аталған турнир 25–27 ақпан күндері Түркістан қаласындағы «Бекзат Саттарханов» атындағы спорт кешенінде өтеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Сейілхан Саттарханұлының жары Шойбекова Сырлыкүл апа және Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нақыпбеков Алмасбек Мұқадасұлы құттықтау лебіздерін білдіріп, турнирдің тәрбиелік және рухани маңызын атап өтті.
Турнирге Түркістан облысы мен көршілес өңірлерден келген командалар қатысты. Жарыс барысында 200-ден астам жас спортшы бақ сынап, жасөспірімдер арасында салауатты бәсекелестік қалыптастыруға, спорттық шеберлікті арттыруға және өңірлік бокстың дамуына тың серпін берді.
Аталған спорттық іс-шара – ел спортына еңбегі сіңген арда азамат Сейілхан Саттарханұлының өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етуге, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың спорттағы ерлігі мен жеңісті жолын жас спортшыларға насихаттауға бағытталған маңызды бастама.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1169404?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау