Қазақстан Республикасының қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, әрбір жұмыс беруші өз қызметкерлерін еңбек қызметіне байланысты жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруға тиіс. Бұл сақтандыру қызметкердің өндірісте жарақат алуы, кәсіби ауруға шалдығуы немесе өзге де денсаулыққа зиян келтіретін жағдайлар орын алған кезде әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді.
Осыған орай, бүгін Департаментпен бекітілген «Түркістан облысы аумағында қызметкерлердің жазатайым жағдайлардан сақтандыру шарттарының жасалуына “Мемлекеттік аннуитеттік компания” өмірді сақтандыру компаниясы” АҚ-ның өкілдерімен бірге түсіндірме жұмыстарын жүргізу» кестесіне сәйкес Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласы әкімінің аппаратында өңірдегі кәсіпорын иелерінің қатысуымен кездесу өтті.
Кездесуге Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Төлендиев Мұрат Сағынұлы, департаменттің «Еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің» бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы Биділдә Ербол Серікбайұлы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Алипов Мадияр Бақтыбайұлы, “Мемлекеттік аннуитеттік компания” ӨСК” АҚ-ның Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы филиалдарының жауапты өкілі Абдуллаев Руслан Мұратұлы және Түркістан қаласында орналасқан жазатайым жағдайлардан сақтандыру шарттарын жасамаған кәсіпорын иелері қатысты.
Департаменттің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған кездесудің негізгі мақсаттарының бірі – еңбек қатынастары саласында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету, өндірістік тәуекелдердің алдын алу. Осы бағытта жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу талаптарының сақталуына тұрақты түрде назар аудару.
Департамент тарапынан облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жұмыс берушілердің сақтандыру шарттарын уақытылы жасасуына және олардың қолданылу мерзімін тұрақты бақылауда ұстауына басымдық берілуде. Бұл шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді.
Қызметкерлерді жазатайым жағдайлардан сақтандыру – бұл заң талабы ғана емес, сонымен қатар әрбір жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды көрсеткіші. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау – тұрақты әрі тиімді еңбек қатынастарының негізі болып табылады.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау