Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Көрісу күні – Амал мерекесінде өңірдің мәдениетіне зор үлес қосқан композитор, дирижер, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 90 жасты алқымдаған ардақты ұстаз Қайырғали Қожанбаевтың шаңырағына арнайы барып, сәлем берді.
Ұлттық дәстүрге сай өткен кездесуде аймақ басшысы ақсақалдың хал-жағдайын сұрап, мерекемен құттықтап, көрісті. Сонымен қатар оның Ақтөбе облысының мәдениет саласына қосқан зор үлесін атап өтті.
Қайырғали Қожанбаев 1938 жылы Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мәдени-ағарту училищесінде оқытушы болып бастап, кейін Ақтөбе облыстық филармониясының ұлт аспаптар ансамблін басқарды. 1971 жылы Ақтөбе музыка училищесінің (қазіргі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж) директоры болып тағайындалды.
Ол – 70-ке жуық музыкалық шығарманың авторы. 2003 жылы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына бастамашы болып, оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарды. 2007 жылы оркестр Магнитогорск қаласында өткен халықаралық «Европа – Азия» фестиваль-конкурсында Гран-при жүлдесін иеленді.
Өнердегі еңбегі үшін 1988 жылы «ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы беріліп, 1996 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Кездесу соңында ақсақал ел амандығын тілеп, батасын берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1181071?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау