Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мемлекеттік сектор өкілдерімен жүргізілетін тұрақты профилактикалық жұмыс аясында Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерін жаңа қауіп туралы ескертті.
Өткен жылдың қыркүйегінен бастап дропперлік, яғни интернет-алаяқтарға жәбірленушілердің ақшасын аударуға көмектесу қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекетке айналды. Айта кетерлігі, адам дропперге еріксіз де айналып қалуы мүмкін. Қылмыскерлер кез келген адамның шотына ірі сомада ақша аударып, кейін оны қателесіп жібергенін айтып, қаражатты басқа банк картасына қайта аударуды сұрауы ықтимал.
Мұндай талапты орындауға болмайды. Бейтаныс адамдардың өтінішін орындау арқылы сіз қылмысқа қатысушы болып қаласыз. Мұндай жағдайда банкке өтініш беріп, қаражаттың белгісіз көзден және белгісіз мақсатпен түскенін, оны пайдаланбайтыныңызды және ақшаны жіберушіге қайтаруды сұрайтыныңызды көрсету қажет. Ақшаны жіберген адам, бәлкім, кибералаяқтардың құрбаны болған азамат болуы мүмкін. Сондай-ақ мұндай күтпеген ақша аударымдары туралы полицияға да хабарлау керек.
Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен кездесуде, оны бейнеконференция арқылы облыс бойынша ведомствоның барлық қызметкерлері тыңдады, жедел уәкілдер киберқылмыстың өзге түрлері туралы да айтып берді. Жыл басынан бері СҚО-да интернет-алаяқтықтың 110 фактісі тіркелді. Оның 31-інде жеке кәсіпорындардың қызметкерлері жәбірленуші болған. Сондай-ақ зардап шеккендердің қатарында 21 зейнеткер, білім саласының 13 қызметкері мен студенттер бар. Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында СҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңірдегі еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1181096?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау