ШҚО полицейі республикалық чемпионатта алтын медаль жеңіп алды
Наурыз айының басында Өскемен қаласында Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің базасында Қазақстан Республикасының жабық ғимараттардағы жазғы Президенттік көпсайыс бойынша чемпионаты өтті. Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар қатысты.
Тартысты өткен бәсеке барысында қатысушылар бірнеше негізгі спорт түрлері бойынша сынға түсті: ату, жүзу және қысқа қашықтыққа жүгіру.
ШҚО Полиция департаменті оқу-жаттығу взводының аға инженері, полиция подполковнигі Бауыржан Райымбеков тамаша физикалық дайындығын көрсетті. 40–49 жас санатында ол жүгіру бойынша ең үздік нәтиже көрсетіп, көпсайыстың қорытындысы бойынша алтын медаль жеңіп алып, турнир чемпионы атанды.
Бұл жарқын жеңіс подполковникке халықаралық деңгейдегі жарысқа жолдама алып берді. Енді 8 сәуірде Бауыржан Райымбеков Беларусь Республикасының Могилев қаласында өтетін Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Жоғары спорттық нәтижелердің артында тек табанды еңбек қана емес, сонымен қатар департамент тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдаудың да бар екенін айта кету қажет. Қызметкердің айтуынша, ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтің спортты дамытуға қосқан үлесі мен ерекше көңіл бөлуі оның басты мотивациясы. Басшылықтың қолдауы мен ұжымның сенімі жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, қызмет пен кәсіби спортты қатар алып жүруге және Департаментті ең жоғары деңгейде танытуға септігін тигізеді.
«Спорт пен қызмет бір-бірімен тығыз байланысты. Менің жұмысым жоғары физикалық дайындықты талап етеді. Сондықтан мұндай жарыстарға қатысу — тек өзімді сынау ғана емес, сонымен қатар өз департаментім үшін үлкен мақтаныш», — деп атап өтті чемпион.
ШҚО Полиция департаментінің ұжымы Бауыржан Райымбековті лайықты жеңісімен құттықтайды және алдағы Әлем чемпионатында тек жеңіс тілейді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1182443?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау