«Алтын әже»: Астанада салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтар дәріптелген байқау өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында республика көлеміндегі «Алтын әже» конкурсы өтті. Бұл шара елдің түкпір-түкпірінен жиналған талантты әжелердің басын қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Конкурс Ұлттық киім күніне орай ұйымдастырылып, рухани, мәдени және отбасылық құндылықтарға арналған нағыз мерекелік іс-шара болып өтті.

Оның басты мақсаты – ұлттық болмысты ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу.

Сахнаға Қазақстанның әр өңірінен келген 15 әжей шықты. Белсенді, шығармашыл әжелер өздерін таныстырып, жасына қарамастан таланттарын көрсете білді. Ою-өрнектермен безендірілген ұлттық киімдерде ән айтып, билеп, театрландырылған көріністер қойып, қазақы тәрбие мен отбасылық дәстүрлердің маңыздылығын айтты.

Конкурс бағдарламасы бес кезеңнен тұрды, әр кезеңде қазылар алқасы қатысушылардың өнері мен шеберлігін ғана емес, өмірлік тәжірибесін – даналығы, шынайылығы және шығармашылығы арқылы құндылықтарды жеткізе білу қабілетін бағалады.

Кештің ерекше бөлімі әр қатысушының басынан өткен оқиғаларын әңгімелеуі жайлы болды. Әжелер өздерінің отбасылық дәстүрлері мен тәрбиелік тәжірибесімен бөлісіп, конкурсты ұрпақтар арасындағы жүрекжарды диалогқа айналдырды. Сахнадан шыдамдылық, сыйластық пен махаббат лебі сезілді.

«Мерекенің мәні – қазақтың салт-дәстүрін бүгінге дейін сақтап келген аналар мен әжелерде. Олар арқылы тәрбиені және ұлттық мінезді ұрпаққа жеткіземіз. Бұл шара заманауи қазақ әжесінің бейнесін ашуға бағытталған», – деді «Қазақ аналары дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Қабашева.
Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаздар құрмет грамоталарымен, Қазақстанның көрікті жерлеріне және шетелге арналған турпакеттермен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1184605?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version