«Наурызнаманың» онкүндігі бойынша 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Осыған орай кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлттық мәдениеттің негізі – салт-дәстүрлер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталмыш кітапхананың ақпараттық-мәдени бағдарламалар бөлімінің әдіскері Таңшолпан Серікқызының айтуынша, бұл көрменің мақсаты – оқырмандарды қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстырып, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың, ырым-тыйымдардың тәрбиелік мәнін насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру.
Кітап көрмесіне халқымыздың салт-дәстүрі, ұлттық дүниетанымы, әдет-ғұрыптары мен рухани мұрасы туралы жазылған еңбектер қойылды. Атап айтқанда, Өзбекәлі Жәнібековтің «Дәстүр және уақыт», Дүнгенбай Ботпаевтың «Көктем кеші», «Қош келдің, Наурыз», «Жаңа дәстүр, жаңа салт», Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» төрт томдығы, Нұролла Ғазизовтың «Көктем көңілі», «Дәстүрлі атаулар», «Қазақтың бата-тілегі», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Армысың, әз Наурыз», Ұлықбек Есдәулеттің «Ұлыстың ұлы күні», т.б. кітаптар ұсынылды.
Осы туындылар оқырмандарды ұлттық құндылықтардың мән-маңызын тереңірек тануға шақырып, халқымыздың рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1182053?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау